Дәл қазіргі күнде қазақ театры режиссурасында тоқырау болып тұрғанын ашық айтқанымыз дұрыс - өнертанушы Бақыт Нұрпейіс

«Соңғы 1 жылдың ішіндегі театр репертуарына көз жүгіртетін болсақ, мынау жұрттың айтулы спектаклі болды деп ауыз толтырып айтатындай қойылым жок екені белгілі. Іргелес жатқан қырғыз театрының оқ бойы озып кеткенін мойындау керек. Олардың Чехов фестиваліне қатысуын бүкіл Орталық Азия театрлары үшін елеулі мәдени оқиға деп бағалауымыз керек», - дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс.
Кино, телевидение және өнертану факультеті деканының айтуынша, кейбір облыстық театрлардың көптеген спектаклдері сын көтермейді. Онда баттиып тұрған кемшілік болмағанмен, көрерменді тартпайды. Оның себебі режиссураның драматургиялық шығарманы сахналық туындыға айналдыра алмауында. Бүгінгі режиссуралардың бірқатары актерлармен жұмыс жасауды босаңсытып алғаны байқалады. Облыстық театрлардың көпшілігінде бұрыннан қалыптасқан актерлік мектептің қожырай бастағаны да жасырын емес. Аға, орта және жас буын арасындағы сабақтастық азайып бара жатыр.