«Дала дауысы» - қазақ музыкасы арқылы тілімізді дүниежүзі елдеріне насихаттайтын бірегей радиофестиваль
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында III Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концерті өтті.
Биыл да елорда төрінде ұйымдастырылған Қазақ радиосының төл жобасы - « Дала дауысы 2014» радиофестиваліне қатысушылар «Дәстүрлі ән», «Академиялық орындаушы», «Эстрадалық орындаушы», «Этноэстрада» және «Жаңа есім» аталымдары бойынша бақ сынады.
Еске сала кетсек, «Дала дауысы» радиофестивалі алғаш рет эфирде 2012 жылы бастау алып, қазақ музыкасы арқылы ана тілімізді дүниежүзі елдеріне насихаттайтын бірегей өнер жобасына айналды. Басты талап -фестивальге қатысушылардың, тіпті ол шет елдік үміткерлер болса да, қазақ әнін нақышына келтіріп орындау. Сол себепті де аз ғана уақыт ішінде «Дала дауысы» жобасы радиофестиваль шеңберінен асып, беделді музыкалық шеруге айналып отыр.
Аталмыш жобаның басты мақсаты - қазақтың дәстүрлі және заманауи әндерін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау, сіңіру. Өнер әлеміне жаңа таланттарды ашып таныту. Әр жылдардағы қазақтың ән тарихын ұмыттырмай, тыңдарманға жүлделеп аққан қан тамырындай жақын болу. «Дала дауысы - 2014» милиондаған радиотыңдарман сүйікті әндеріне 100 % дауыс беруі арқылы 41 әншіні финалға өткізді. Ал, финалда 40% тыңдармандардың дауыс беруімен, 40% мамандардың сараптауымен, 20 % Қазақ радиосының көркемдік кеңесінің шешімімен және ұйымдастыру алқасының таңдауы нәтижесінде жеңімпаздар анықталды.
«Дала дауысы - 2014» радиофестивалінің лауреаттары:
«Дәстүрлі ән» аталымы бойынша:
Гүлмарс Аманбаева - «Қамшыгер»
Қайрат Кәкімов - «Үлкен айдай»
Ардақ Исатаева - «Інжу- маржан»
Сәбит Дабылов - «Құмарын тарқат»
Академиялық орындаушы» аталымы бойынша:
Бибігүл Жанұзақ пен Нұрғали Тұрлыбеков дуэті - «Назқоңыр».
«Эстрадалық орындаушы» аталымы:
Әли Оқапов - «Биле»
Алтынай Жорабаева - «Перзент парызы»
Маржан Арапбаева - «Арманыма асығамын»
Құрмаш Маханов - «Кіршіксіз мұң»
«Заман» тобы - «Қаракөзім»
Қайрат Баекенов және «Формат» тобы - «Махаббат»
Этноэстрадалық орындаушы» аталымы:
Ақылбек Жанабаев - «Қазақпын»
Шахиризат Сейдахмет - «Желдірме»
«Жаңа есім» аталымы бойынша:
Алдаспан тобы - «Бозторғай» Қазақстан
Маржан Исаева - «Дәурен ай» Қазақстан
Саян Дембириел -«Ауылым» Ресей
Екатерина Сычевская -«Қазақстаным алға» Белоруссия
Лана Франческо - «Әлия» Латвия
Адриана Шевченко - «Алғашқы көктем» Украина
Қайнар Қатпаев - «Астана аруы» Қытай Халық республикасы
Жеңімпаз атанған орындаушыларға «Дала дауысының» мүсіншесі мен арнайы дипломын еліміздің өнер және қоғам қайраткерлері мен депутаттар табыстады. Кеш өнерсүйер қауым мен радиотыңдармандардың ойынан шығып, жоғары деңгейде өтті.