«Дала дауысы» радиофестивалі алдағы уақытта да жалғасатын болады - Н.Мұхамеджанова
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Дала дауысы» радиофестивалі алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бұл туралы бүгін «Дала дауысы» радио фестивалінің қорытынды концертінде сөз сөйлеген «Қазақстан» телерадио корпорациясының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова айтты.
«Бүгінгі өткізіліп отырған үлкен қорытынды концертіміз, бұл осы Астанада 1 қазаннан өз жұмысын бастаған 90 жылдық тарихы бар «Қазақ» радиосының жарқын, есте қалатын, кейін ұрпақтар алтын әріппен жазатын керемет бір дәстүрінің бастамасы. Осы бір дәстүрді біз алдағы кезде де әрі қарай жалғастыра береміз деген сенімдеміз. Өйткені халық барда, тыңдарман барда қазақтың дәстүрлі өнері, оның ішінде қазіргі кездегі эстрадалық жанры ешқашан ескірмейді», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, радиофестивальге қатысқан 130 орындаушыға тыңдарман ғаламтор арқылы дауыс беріп әрі кәсіби музыка мамандары пікірлері негізінде 50 әнші екінші айналымға өтті. Енді сол 50-дің ішінен үздік шыққан 25 өнер саңлағына 3 аталым бойынша «Дала дауысы» фестивалінің арнайы дипломы мен көркем безендірілген арнайы кәдесыйлары берілді.