Дала өркениеті мен Орталық Азия тарихы бүкіл әлемге ашылып келеді - Гарвард ғалымы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда III Халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысқан Гарвард университетінің Шығыс Азия тілдері мен өркениеттері факультетінің PhD докторанты Уильям Жулиан дала өркениетін әлемдегі басты мәдениеттердің бірі деп атады.

Уильям Жулиан
Фото: Kazinform

Көне қытай және шағатай тілдерін меңгерген америкалық тарихшы қазір Алматыда шақырылған ғалым мәртебесінде жұмыс істеп жатыр.

- Мен үшін дала мәдениеті мен өркениеті — жай ғана тақырып емес, өте маңызды сала. Тек осы жерде, Орталық Азияда өмір сүрген және өмір сүріп жатқан халықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін дала өркениеті — басты мәдениеттердің бірі. Біз бұл өңірдегі халықтарының бай тарихы мен экономикалық құрылымы туралы көбірек біліп келе жатырмыз, — деді Уильям Жулиан.

Ол Қазақстан мен Орталық Азияда өз елінің тарихын зерттеуге бет бұрғандар ғалымдардың «толқыны» жүріп жатқанын айтты.

- Бүгінде ғалымдардың жаңа толқыны байқалады: Орталық Азиядағы көптеген зерттеушілер Алтын Орда мен көне тарихты белсенді түрде зерттеп жатыр. Ғалымдардың өз өңірінің тарихына терең қызығушылық танытуы — нағыз бақыт. АҚШ-та да қазір жергілікті америкалықтардың тарихына дәл осындай қызығушылық толқыны жүріп жатыр, - деді ол.

Конгресс барысында Президент жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев академия Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың мұрасын жүйелі зерттеу үшін арнайы мамандандырылған ғылыми бағыт ұсынғанын айтты.

Ақылбек Күрішбаев
Фото: Kazinform

Оның сөзінше, академия бастамасымен Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ғылым академияларымен бірлесіп Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құрылған. Бұл ынтымақтастық тарихи деректерді бірге зерделеуге және жас зерттеушілерді халықаралық жобаларға тартуға мүмкіндік бермек.

Жас ғалымдарға кеңес

Сонымен қатар БАҚ өкілдерімен тілдескен Уильям Жулиан ғалымдар үшін зерттеудегі еркіндіктің маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, 2 мыңға жуық ғалым еңбек ететін Гарвардта зерттеу жұмысының басты артықшылығы — толық академиялық еркіндік. Бұл зерттеушілерге сирек кездесетін тақырыптарды қолға алуға мүмкіндік береді. Ол қазақстандықтарға да зерттеу тақырыбын таңдауда батыл болуға шақырды.

- Өзіміз (ғалым ретінде - ред.) қалайтын тақырыпты зерттей алатынымызды өте қатты бағалаймын. Сіз зерттеп жатқан тақырып басқаларға біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Оны басқалар түсінбеуі мүмкін. Бірақ бастысы - тәуекелге барып, біртүрлі тақырыптарды зерттей беріңіз, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Ақылбек Күрішбаев елдегі 28 мың ғалымның жартысына жуығы жастар екенін айтты.