09:45, 10 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Дала өрті 400 тонна дайын шөпті жалмады
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Қазақстанның екі облысында тұтанған дала өрті 400 тонна дайын шөпті жалмады, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты «Арғымақ» шаруа қожалығының 720 гектар шабындығы өрт құшағына оранды. Апат салдарынан 200 тонна дайын шөп өртеніп, оны сөндірмек болған механизатор күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Тілсіз жау 7 сағат өткеннен кейін ғана ауыздықталды.
Ал Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы «Ертіс тонус плюс» ЖШС-нің аумағында тұтанған қызыл жалын 1200 шаршы метр аумақты қамтып, 200 тонна шөп өртеніп кетті. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт ҚР ТЖМ Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің күшімен ауыздықталды.