Далада жалаңаш жүгірген астаналықтардың видеосы желіні дүрліктірді

«Шындығында, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Қыстың осындай суығында жүгіру біздің «морждардың» дәстүрі. Біз қыста суға түсер алдында осылай қыздырынып аламыз. Бүгін басқа да жігіттер бізбен бірге ергеннен кейін екі шақырымдық ұжымдық жүгіріске шықтық. Сонымен бірге, Фейсбукта тікелей эфир жүргізуге бел байладық. Негізі «морждардың» видеосы мен фотосы әрдайым желіге шығып тұрады. Тамсанатындар да, таң қалатындар да баршылық», - дейді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне пост авторы Әскер Пириев.
Оның айтуына қарағанда, «Сергектік» қысқы шомылу клубының әуесқойлары Есілдің жағасына жүздеген жастарды жинайды. Ал Әскердің өзі болса 7 жыл бойы ізгі дәстүрді жалғастырып келе жатқанын айтады. Әскермен бірге өзінің төрт ұлы да қыстың аязын елемей, шомылуды әдетке айналдырған көрінеді.
«Үлкен ұлым 16 жасқа толды. Кішкентайы бесте. Біз бүгін бірге жүгіріп шықтық та, суға бір-бір сүңгіп алдық. Үйде бесінші ұлым бар. Бірақ, оның жасы әлі екі жарымда. Жылдың соңына қарай оны да өзге «морж ұлдарымның» қатарына қосып алуды ойлап жүрмін», - дейді Әскер Пириев.