Даласы – дастан. Тілеуі – ашық аспан. Бірлігі жарасқан – Қазақстан

бірлік күні
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Сонау 1996 жылдан бастап дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан мереке. Береке мен бірлік жайлаған жайлы мекенге қоныстанған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы арта түсетін күн.

Көптеген ұлттың шаттық толы шаңырағына айналған Қазақстан жер жаһанға бейбітшіліктің озық үлгісін танытып отыр. Тіліне, түріне, діліне, дініне қарамастан сыйластықта өмір сүріп жатқан қазақстандықтар тек мерекеде ғана емес, әр күн сайын татулықтың туын жықпай, бірлікті бағалайтыны байқалады. Ол бекер емес.

адамдар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Кейінгі жылдары әлемде геосаяси ахуал күрделеніп, қарулы қақтығыстар тыйылмай тұр. Аумалы‑төкпелі кезеңді бастан кешіру, жылдар бойына жалғасатын дінаралық, ұлтаралық шиеленістер зардабы орасан болады. Салдарын көріп жүрміз. Бейкүнә сәбилер, бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр. Осындайда қариялардың «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген батасының мәні тереңде жатқанын аңғаруға болады.

Гуманитарлық көмек
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Жалпы, бірлік деген ұғымды ұлттар арасындағы қатынасқа ғана қолдануға болмас. Алыстан мысал іздеп керек емес. Міне, еліміздің бірқатар аймағы су тасқынынан зардап шеккенде қазақстандықтар өзара ұйымдасып, гуманитарлық көмек жинай бастады. Тіпті, әр ауылдан топтасқан ер азаматтар алыс жолға шығып, су тасқынының алдын алу шараларына атсалысты. Бұл бірлік емей немене?!

Су тасқыны
Фото: Ақмола облысы ТЖД
жағалауды нығайту
Фото: AMANAT партиясы СҚО филиалы

Еліміздің көптеген өңірінде төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері еріктілер де аяғынан тік тұрды. Волонтерлер тұрғындарды эвакуациялауға атсалысып, құтқарылған адамдарға алғашқы медициналық, психологиялық көмек көрсетті. Гуманитарлық көмекті жинап сұрыптап, тиісті жерге жөнелтті. Арық қазып, бөгеттерді нығайтты. Қажет болған жағдайда құтқарушылар мен әскери құрылым қызметкерлеріне ыстық тамақ ұйымдастырды. Осы уақытқа дейін волонтерлер шамамен 9903 тонна гуманитарлық көмек жинап үлгерген екен. Бұл бірлік емей немене?!

гумкөмек
Фото: Еламан Турысбеков/Kazinform

Су тасқынына Қарулы күштердің жеке құрамы да тартылғаны белгілі. Күні-түні ауыр жұмыстарды атқарып жүрген де солар. Кез келген төтенше жағдайда әскерилердің жұмылдырылуы заңдылық болса да, бейнежазбалардан, суреттерден жас сарбаздардың суға белшеден кіріп, жанқиярлықпен күресіп жүргенін аңғаруға болады. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері де міндетін мінсіз орындап, халықтың алғысына бөленіп жатыр. Жалпы, кез келген күштік құрылым мамандары жұртшылықпен бірге тыныстап, қысылтаяң кезеңде қолдау көрсетті. Әншейінде құқық қорғау органдарын жақтыра бермейтін кейбір адамдар ел басына күн туғанда халықпен бірге болған шенді азаматтарға алғысы шексіз шығар?! Иә, мыңдаған күштік құрылым өкілі отбасынан жырақ кетіп, су тасқынының алдын алуға атсалысып жүр. Бұл бірлік емей немене?!

тасқын су
Фото: ТЖМ
эвакуация
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Бірлігі жоқ елдің тірлігі өнбейтіні айдан анық. Татулықты ту еткен елдің дамудың даңғыл жолына түсіп, көшбасшыға айналатынын әлемдегі оқиғалар дәлелдеп берді. Ендеше, қуатты Қазақстанның әр тұрғыны бейбітшіліктің қадірін түсініп, «ырыс алды – ынтымақ» деген ұстанымды ұмытпауға тиіс.

Соңғы жаңалықтар