Дәленов өңірлердің 10 айдағы негізгі көрсеткіштерін атады
«Негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердің көбінде өсім бар. Өнеркәсіп бойынша Маңғыстау облысы 0,2 пайыз өсім көрсетті. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында әлі де төмендеу орын алуда. Ауыл шаруашылығы бойынша Қостанай облысында ғана өнім шығару төмендеді. Бұл ретте төмендеу 33,8-ден 22,8 пайызға дейін қысқарды», - деді министр.
Оның атап өтуінше, құрылыс және негізгі капиталға инвестициялар бойынша артта қалған өңірлер саны қысқарды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы құрылыс бойынша 3,9 пайыз деңгейінде, Маңғыстау облысы инвестициялар бойынша 2,9 пайыз деңгейінде оң өсім көрсетті. Сонымен қатар, құрылыс және инвестициялар бойынша Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында төмендеу байқалды. Мұнан басқа, Маңғыстау облысында құрылыс жұмыстары төмендеді.
«Бірқатар өңірлер бірнеше көрсеткіш бойынша серпінді өсім көрсетіп отыр. Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары 4 көрсеткіш бойынша, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары 3 көрсеткіш бойынша жоғары өсім көрсетті», - деді ол.
Р.Дәленовтің дерегінше, Нұр-Сұлтан қаласында 3 көрсеткіш бойынша, Маңғыстау облысында 2 көрсеткіш бойынша төмендеу байқалды. Одан басқа, Маңғыстау облысында қыркүйекпен салыстырғанда 3 көрсеткіш бойынша бәсеңдеу тіркелді.
«Алматы, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 1 көрсеткіш бойынша төмендеу және 2 көрсеткіш бойынша бәсеңдеу байқалды», - деді министр.