Дамаскідегі әл- Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталықтың құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады - Мәдениет министрі
/Қанат Мәметқазыұлы/ - Дамаскідегі әл- Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталықтың құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткенҮкімет сағатында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Дамаскідегі әл- Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығының құрылысын салу жұмыстарының 65 пайызы орындалған. «Бұл - мешіті, тарих пен мәдениет туралы экспозициялық залы,оқу залы мен Интернет-кафесі, кітапханасы, конференцзалы, қонақүйі бар көп салалы нысан. Жыл аяғына дейін құрылыс жұмысын толығымен аяқтау жоспарланып отыр», - дейді М. Құл-Мұхаммед. Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың көктемінде Ташкент қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші құрылысының жұмыстары аяқталған. «Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйге және бірінші, екінші жалпықазақ съезі өткен ғимаратқа салтанатты түрде ескерткіш тақталар орнатылды. Қазақстандағы секілді Ресейде де күн сайын жекешелендірудің қарқынды жүргізіліп жатқанын ескерсек, ертеңгі күні мұндай ғимараттардан көз жазып қалуымыз мүмкін еді. Сондықтан бұны да алаш қайраткерлерінің есімін ардақтаудағы маңызды оқиға деп қарауымыз керек», - деді министр. Сондай-ақ, М. Құл-Мұхаммед елімізде алты ескерткіш қайта қалпына келтірілгенін атап өтті. Осындай ескерткіштердің арасында Бөкей Ордасындағы Хан ордасы секілді аса маңызды нысандар да бар.