Дамир Ысмағұлов UFC-ден кеткеннен кейін алғаш рет жекпе-жекке шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Дамир Ысмағұлов UFC-ден кеткеннен кейін өткізген алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Бұл жайында «Шредингер спорты» Telegram арнасы хабарлады.

Алматыдағы Hardcore турнирінің басты оқиғасында Ысмағұлов «Армеец» лақап атымен танымал ресейлік Дмитрий Климовты төрешілер шешімімен бірауыздан жеңді.
Дамир Ысмағұлов UFC сапынан былтыр шілдеде, қатарынан екі рет жеңіліске ұшырағаннан кейін шығарылған еді.
Ысмағұловтың келісімшарты аяқталды.
Ол 2023 жылы 2 шілдеде америкалық файтер Грант Доусонмен (19-1-1) жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен ұтылып қалды.
Оған дейін желтоқсанда Арман Царукяннан жеңілді.
Ол UFC айқастарына 2018 жылдан бері шығып жүрді. Осыған дейін екі рет жеңіліп, төрешілердің шешімімен бес рет жеңіске жетті.
32 жастағы ММА шеберінің рекорды — 24-3.
Климов мансабында тек Hardcore-да ММА, жұдырықтасу және бокс ережесіне сәйкес ойын көрсетті.