Дамир Рыспаевпен төбелескен қытайлық хоккейші ауруханаға жатқызылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Куньлунь Ред Стар» хоккейшісі «Барыс» клубының ойыншысы Дамир Рыспаевпен болған төбелестен кейін ауруханаға жатқызылды.

Дамир Рыспаевпен төбелескен қытайлық хоккейші ауруханаға жатқызылды

«Біз аренадан қонақүйге енді ғана кетіп барамыз, ал ол ауруханаға дәрігермен бірге кетті. Біз оны әлі көрген жоқпыз, миы шайқалуы мүмкін, бассүйек-ми жарақаты болуы да ғажап емес. Әзірге дәл айта алмаймыз», - деді қытайлық команданың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бүгін "Куньлунь Ред Стар" командасы Астанада ҚР Президенті Кубогі жолындағы жарыста «Барыс» командасынан оңбай таяқ жеді. Салдарынан «Барыс» клубының екі хоккейшісі Дамир Рыспаев пен Мадияр Ибрайбеков мачт соңына дейін шеттетілді. Өз кезегінде, төбелесте қатты соққы жеген қытайлық "Куньлунь Ред Стар" командасы мачты ары қарай жалғастырудан бас тартты және сол үшін оларға 5:0 есебімен жеңіліс жазылды.

Осылайша, астаналықтар Дастин Бойд үшін есе қайтарды. Есте болса, 5 тамызда «Барыс» командасының шабуылшысы Дастин Бойд "Куньлунь Ред Стар" хоккейшілеріне қарсы болған ойында аяғын сындырып алған болатын. Сол матчта дөрекілікпен ерекше көзге түскен қытайлықтар жеңіске де жеткен еді. Осының кесірінен «Барыстың» 41-ші нөмірлі ойыншысы 4 айға дейін жарыс жолынан шығып қалды.

Ертең «Барыс командасы "Металлург Нк" клубына қарсы ойнайды.  Басталуы - 19.00 сағат.