Даму институттары индустрияландыру аясында жүзеге асырылатын жобалардың 70 пайызын қаржыландырмақ

АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қорының тобындағы даму институттары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың кем дегенде 70 пайызын қаржыландыруға қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Даму институттары индустрияландыру аясында жүзеге асырылатын жобалардың 70 пайызын қаржыландырмақ

Бұл туралы бүгін Астанадағы дөңгелек үстелде «Самұрық-Қазына» қорының Даму және қаржы институттарын басқару жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Даму иституттары 2010 жылы алдына үдемелі индустрияландыру үдерісіне өздерінің қатысу үлесін ұлғайту міндетін қойып отыр. Біздің мақсатымыз - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын бүкіл жобалардың кем дегенде 70 пайызын даму институттары арқылы қаржыландыруға қол жеткізу», - деді дөңгелек үстелде Б. Сәркеев.

Оның сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» қоры сонымен қатар даму институттарының өңірлердегі қызметтерін жандандыруды, олардың қызметтеріндегі қаржылық көрсеткіштерді жақсартуды, экономикаға салынған қаржыларының қайтарымын қамтамасыз етуді, жекелеген даму институттарын, атап айтқанда Қазақстанның инвестициялық қорын қайта құрылымдауды көздеп отыр. Бұдан бөлек бизнес үдерістерді жетілдіру көзделуде.