«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Бизнес-кеңесші» бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті
деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қор сәуір айынан бастап «Бизнес-кеңесші» бағдарламасының 2-ші кезеңін жүзеге асыра бастады. Оның аясында қала мен аудан орталықтарында «Кәсіпкерліктің жедел курсы» атты екі күндік оқыту курстары өткізіліп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы тұрғындарға ақпараттық-консалтингтік қолдау көрсетіледі. Оқыту курстарына кәсіпкерлер мен тұрғындарды көбірек қамту мақсатымен биыл ол көктем және күз айларында өткізілетін болады. Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам және Павлодар облысының Баянауыл аудандарында алғашқы екі күндік тренинг-курстар аяқталды.
Жалпы «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дарының бірлескен жобасы. Ол Қазақстанның барлық аудандарындағы кәсіпкерлер мен жеке кәсібін жасауға ынталы тұрғындарға бизнесті ашу және оны тиімді жүргізу бойынша кешенді, бірыңғай және тегін білім беруді көздейді. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдаудың тиімді құралдарының бірі болып табылады және мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі шараларының заңды жалғасы болып табылады.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде былтыр оқыту курстары республикадағы 209 аудан мен қалаларда ұйымдастырылды. Оған 11 603 тыңдаушы қатысты. Олардың 40 пайызы кәсіпкерлер, 60 пайызы жеке тұлғалар. Оқу курсы бес бөлімнен құралған: кәсіпкерлік негіздері, кәсіпкерлік психологиясы, маркетинг, кәсіп ашу мен жүргізудің заңдық аспектілері және қызметкерлерді басқару.