«Даму -Көмек» қаржылай емес көмек көрсету бағдарламасы сәтті жүргізілуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Б.Мұқышев осы мәселені шешу үшін, 2009 жылдың желтоқсанында мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерге көмек көрсету мақсатындағы ақпаратпен алмасуға арналған хабарландырулардың электрондық тақтасы түріндегі www.damu-komek.kz сайты ашылғандығын жеткізді. Көмек қажетсініп отырған жандар «Көмек қажет» деген бөлімде өз ақпараттарын ұсына алады, ал игілікті іске атсалысқысы келетін кәсіпкерлер «Көмек көрсетемін» деген бөлімде мұқтаж жандарға көмегін ұсыну арқылы үн қоса алады.
«Осындай жобаларды іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, көбінесе көмек алушылардан гөрі көмек көрсеткісі келетіндердің саны басым болып отыр. Алайда, уақыттың тығыздығы, қалай және немен көмек көрсетуді нақты білмеу тәрізді объективті себептермен олар өздерінің ізгі ниеттерін жүзеге асыра алмай жатады», дейді Б.Мұқышев.
Аталмыш бағдарламаның басты ерекшелігі, мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамай өз ісімен шұғылданып, тұрақты табыс табуға, қоғам өміріне толық және тең дәрежеде атсалысуға талпынып отырған жандарға әр адам шама-шарқына қарай нақты атаулы көмек көрсету арқылы үлес қоса алады.
«Демеушілер кейбір кәсіпкерлерге құрал-жабдық түрінде көмек те беріп жатыр. Барлығы 15-тей адам тігін машиналарына, көшірме-көбейткіш аппараттарға, аяқ-киім жөндеу шеберханасына арналған жабдықтар мен тағы басқа заттарға ие болды», дейді Басқарма төрағасы.
«Қазіргі күні бизнес пен отандық өндіріс компанияларды қолдау үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Сол жұмыстарды дұрыс жүргізу үшін «Даму» қоры еліміздің өндіріс компанияларын жинап мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге көмек көрсету жайында мәселе көтерген еді. Біз өз тарапымыздан бұл бастаманы қолдап, үлесімізді қосудамыз», дейді қазақстандық «КазСтройСтекло» өндірістік компаниясының төрағасы Мұратхан Тоқмади.
«Даму» қорының бұл бастамасы қазіргі таңдағы мүгедектердің әлеуметтік мәселелерін шешуге өз септігін тигізуде. Олардың кәсібін ашып, ел қатарлы жұмысына жағдай жасап отырған атлмыш Қорға алғысымды айтқым келеді», дейді Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев
«Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша көмек көрсеткен демеушілер қатарында «Астана-Моторс», «ҚазҚұрылысШыны», «Allianz Kazakhstan» сақтандыру компаниясы, «АКФ «Волна» ЖШС-сі (Ақтау) және «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Казкоммерцбанк» АҚ мен Атырау және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері бар.