«Даму» қоры «G-Global» алаңында онлайн-конференция өткізеді
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - 21 тамызда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры VII Астана экономикалық форумы аясында «G-Global» алаңында онлайн-конференция өткізуді жоспарлап отыр.
Онда «Тауарлар, қызмет пен технологияның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың халықаралық тәжірибесі» атты тақырып қозғалмақшы. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Тоқтала кететін жайт, 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап «G-Global» халықаралық платформасында «VII Астана экономикалық форумы және II Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясы» виртуалды жобасы іске қосылған болатын. Жоба аясында жыл бойына Біріккен Ұлттыр Ұйымы үшін Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасын қалыптастыру бойынша зерттеулер жүзеге асатын болады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер қабылдауға барлық ниеттілер қатыса алады.
«Бұл зерттеулерге осы виртуалды алаңда «даму» қорының қамқорлығымен алты ай бойы онлайн-конференциялар циклы да енгізіліп отыр. Бірінші онлайн-конференция аясында тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша халықаралық тәжірибелердің тиімділігі мәселелері талқыланбақ. Конференцияға мемлекеттік орган, шағын және орта бизнес, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатыса алады. Онлайн режімдегі бейне-конференцияны http://group-global.org/g2m/schedule/aef көруге болады», делінген баспасөз баянында.