Даму қоры кепілдік беру талаптарын жеңілдетті

2016 жылы қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырыла бастаған «Даму Оптима» бағдарламасына енгізілген өзгерістер қатарында - кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды қайта қарау, кепілдеме беру талаптары, кепілдендірудің жаңа түрлерін енгізу мен қазіргі қолданыстағы түрін дамыту да бар. Атап айтқанда инвестициялық мақсаттағы несиенің есебінен алынған кез-келген жылжитын/жылжымайтын мүлікті бұдан былай банкке кепілдік ретінде ұсынуға болады. Бағдарламаның бұған дейінгі талабы бойынша мұндай жағдайда үшінші жақтың кепілдігі керек болып, кәсіпкердің барлық кепілзаттарының 70 пайызы тұрақты және өтімді болуы міндеттелетін еді
Енгізілген тағы бір өзгеріс - «Даму»-Оптима» бағдарламасына ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің де қолы жететін болғандығы. Енді олар банк алдынағы кепілзаты жеткіліксіз болған жағдайда Қордан несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдеме ала-алады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 30 млн теңгеге дейін несие беріледі.
Бизнесі жүріп тұрған кәсіпкерлер үшін кепілдеме сомасы бұрынғыдай, яғни несие сомасының 50 пайызы болып қалды. Бизнесі бар кәсіпкерлер үшін берілетін несие сомасы - инвестициялық мақсатқа 180 млн теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға 60 млн теңгеге дейін. Бизнесі бар кәсіпкерлер жоба құнының 20 пайызын өздері шығаруы керек.
Бағдарламаға енгізілген өзгерістер бойынша, кәсіпкерлер «Даму»-оптима» бағдарламасының кепілдемесімен екінші деңгейлі банктердегі несиесін қайта қаржыландыра алады. Бағдарламаның алғашқы нұсқасы бойынша кепілдік тек инвестиция мен айналым қаражатына арналған жаңа несиелерге ғана қарастырылған еді.
Қор «Даму-Оптиманың» кепілдігін банктің несие беру жайлы шешімі шыққанға дейін алуға болатындай етіп өзгеріс енгізуді де жоспарлап отыр. Кәсіпкер қолына «Даму-Оптиманың» кепілдігін алып, несие алу үшін бірнеше банкке қатар өтінім беріп, жобасын қаржыландыратын ең ыңғайлы нұсқасын таңдап алуға мүмкіндік алады.