«Даму» қоры нақты қаржыландыру арқылы биыл 24 млрд. теңге несие бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Даму» қоры нақты қаржыландыру арқылы биыл 24 млрд. теңге несие бермек. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Қуаныш Тілеушин мәлім етті.

«Даму» қоры нақты қаржыландыру арқылы биыл 24 млрд. теңге несие бермек

«Біз ағымдағы жылы нақты қаржыландыру арқылы ғана 24 млрд. теңге көлемінде несие бөлетін боламыз. Бұл бағдарламаның басымдығы мынада біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қаржы бөлеміз. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі 2 млрд және «Даму» қоры 2 млрд. теңге бөледі. Яғни, тек Алматы қаласына ғана 5-7 жыл мерзімге 7 пайыздық ставкамен 4 млрд. теңге бөлінбек», - деді Қ.Тілеушин.
Оның айтуынша, бұл бағдарламаның ерекшелігі - жергілікті атқарушы органдар қалауының ескерілуінде.
«Бірінші кезекте басымдық берілетін салаға баса назар аударылатын болады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысын алатын болсақ, онда бұл өңірдің басшылығының қалауымен біз облыстың барлық аудандарын қамтуға тиіспіз. Міне, бұл - бағдарламаның басымдығы осы», - деді басқарма төрағасы.