«Даму» қорының төрайымы Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі басымдықтарын атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан 7-ші Астана экономикалық форумы аясындағы «Бәсекелі экономикадағы бәсекеге қабілетті кәсіпорындар» тақырыбындағы сессия барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның төрайымы Ләззат Ибрагимова Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі басымдықтарын атады.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеулеріне сәйкес Қазақстанның халықаралық аренадағы негізгі бәсекелестік басымдықтары бар. Оның біріншісі - географиялық орналасуы. Еліміз Қытай, Ресей және Үндістан сынды жылдам дамушы экономикаларға тақау орналасқан. Екіншісі - табиғи және адами ресурстар. Елімізде мол табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы жерлері, сонымен бірге білімділік деңгейі жоғары халқы бар», - деді ол.
Қор төрайымының атап өтуінше, үшіншіден халықтың әл-ауқаты артып келеді. Мәселен, 2000 жылдан бері қарай халықтың жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімі еселене түсті, жұмыссыздық деңгейі екі есе қысқарды. Сонымен бірге халықаралық резерві 28,4 млрд. доллар көлемінде жинақталды.
«Төртіншісі - халықаралық саудаға ашықтығы. 15 жылдың ішінде экспорт көлемі шамамен 12 есе өсіп, 6 млрд. доллардан 71 млрд. долларға жетті. Ал импорт көлемі 4 миллиардтан 38 млрд. долларға артты. Бұл экономика өсімін және кірістің артуын білдіреді», - деді Л.Ибрагимова.