Дамуға ресми көмек туралы заң қабылданды - Парламент

Еске сала кетейік, құжаттың негізгі мақсаты әріптес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Қазақстанның ол елдерге дамуға ресми көмек көрсетуі процесінде туындайтын қатынастарды құқықтық реттеу болып табылады. Сонымен қатар, заң жобасында негізгі ұғымдардың айқындамалары ашып көрсетіледі, дамуға ресми көмектің мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен секторлық басымдықтары белгіленеді. Құжатты қабылдау дамуға ресми көмектің құқықтық негізін қалыптастыруға, осы саладағы қызметті үйлестіруді жетілдіруге, көмек көрсетуді бақылауға бағытталып, еліміздің халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға септігін тигізеді.
Тұтастай алғанда, Заң бойынша дамуға ресми көмекті реттеу жүйесі нақты регламенттеледі. ҚР Үкіметінің, уәкілетті орган ретінде Сыртқы істер министрлігінің дамуға ресми көмек саласындағы құзыреті айқындалады. Ал осы саладағы Қазақстанның мемлекеттік саясатын іске асыруға қатысатын заңды тұлғаны Үкімет құратын болады.
«Сенат енгізген түзетулерге келсек, ол құжаттың тұжырымдамалық негізін өзгертпейді және заң жобасының нормасын «ҚР Үкіметі туралы» Конституциялық заңына сәйкес келтіруге қатысты болып отыр», - деді депутат Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бөлек, Мәжіліс аталған заңның ілеспе құжаты болып табылатын заң жобасын да талқылап, оны да қабылдады. Енді құжаттар Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.