Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек ЖІӨ 5 пайыздан кем болмауы тиіс - ҚР Президенті

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек жылдық жалпы ішкі өніміміз 5 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек ЖІӨ 5 пайыздан кем болмауы тиіс - ҚР Президенті

«Үшінші жаңғыру өркендеген, өскен 30  елдің ішіне ену үшін жасалып отырған тағы бір шара. Бұл жұмыс бұрынғы жұмыстардан қиын, күрделі. Барлықтарыңыз ойлануларыңыз керек. Министрлерді, Үкімет басшысын, облыс әкімдерін тыңдап отырғанда ішімнен биылғы жыл былтырғыдан  жақсы болады, деп ойлап отырдым. Біріншіден базасы төмен, екіншіден жағдай түзеліп келеді.  Баға металға да, мұнайға да, газға да, барлық салаларда да өсіп келе жатыр. Біз мұнай мен газдың төмен бағасына үйрендік. Бұған экономика бейімделді десек те болады. Бір жағынан осы  болуы да керек еді. Көп болғанда адам  барлығы бар ғой деп шалқайып жата беріп, қарамайды. Ізденіп, тауып жасау керек. Содан кейін стратегиялық мақсатымыз 30 елдің қатарына кіру болса, басқаша жұмыс істеу қажет. Әрине, бұл жұмыс оңай емес», - деді Президент.

 Мысалы Елбасының айтуынша,  өткен 25 жылдың  ішінде сол 30 мемлекеттің ішіне кіремін деген Қазақстан сияқты мемлекеттер болды.

«Бірақ,  ЭЫДҰ-да 26 мемлекет  бар сол мемлекеттер қалды. 200 елдің ішінен серпіліс алып 25 жылдың ішінде ұйымға енген жалғыз мемлекет ол  Оңтүстік Корея. Егер дүниежүзі бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық көрсеткіші  сол жылдарда 2,8  пайыз болса, Кореяның орташа жалпы ішкі өнімі 5 пайыз болған. Ойланыңдар. Біз жаңа жағдайда дәл осындай серпіліске  жетуіміз керек. Сондықтан баршамыз өз ұстанымызды қайта  қарауымыз керек», - деді Елбасы.