Дәнді дақылдар алқабының 7,5 пайызы нашар күйде – министр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев егіс алқаптарының жай-күйін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Егін егу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып, оңтайлы уақытта жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында енгізді, арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу уақтылы жүргізілді. Сонымен қатар, биыл вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылыққа және суармалы судың болмауына байланысты бірқатар проблемаларға кез болды. Бұл дақылдардың жай-күйіне әсер етті. Мәселен, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша бүгінде дәнді дақылдар егісінің 45,1%-ы жақсы, 46%-ы қанағаттанарлық және 7,5%-ы нашар жай-күйде», - деп баяндады министр.
Ербол Қарашөкеев атап өткендей, егістің нашар болуына байланысты 181 мың гектар жердегі дақылдар жойылған.
«Бұл ретте, 181 мың гектар немесе астық дақылдарының 1%-ы жойылған. Бұл негізінен Павлодар облысында орын алды. Бұл ретте көрсеткіш орташа көпжылдық көрсеткіштен төмен екенін атап өтеміз. Салыстырмалы түрде, құрғақ деп саналған 2021 жылы дақылдардың 3,8%-ы жойылған», - деп тоқталды.