Дәнді дақылдар ауруы кеңінен таралса астық шығымы 10-15 пайызға төмендейді - ҚР АШМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында гербицидтерді сатып алу шығындарын азайту үшін оның құнын 50 пайыз көлемінде субсидиялау қарастырылған. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне ҚР АШМ баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қазақстанда дәнді дақылдар көптеген ауруларға шалдығады. Осы аурулар кеңінен таралған жылдарда астық шығымдылығы 10-15 пайызға дейін, ал химиялық өңдеу шаралары жүргізілмесе, одан көп төмендеуі мүмкін», - дейді министрлік мамандары.
«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ мәліметі бойынша 2016 жылы Қазақстан аумағында дәнді дақылдары аурулары 2 365,793 мың гектар жерге таралуы болжанып отыр. Ағымдағы жылғы климаттық жағдай (жауын-шашын) дәнді дақылдары ауруларының таралуына қолайлы болып тұр. 2016 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша дәнді дақылдары аурулары бойынша 2 157,3 мың гектар егістік өңделді. Оның ішінде Ақмола облысында 743,8 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысында 43,4 мың гектар, Қарағанды облысында 8,2 мың гектар, Қостанай облысында 524,5 мың гектар, Солтүстік Қазақстан облысында 834,8 мың гектар аумақ қамтылды.