Дәнді дақылдар генетикасымен айналысатын қазақстандық-австралиялық зертхана құрылады
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның қатысуымен елімізде дәнді дақылдар генетикасымен айналысатын қазақстандық-австралиялық зертхана құрылады.
Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің «ҚазАгроИнновация» АҚ-да өткен көшпелі отырысында «ҚазАгроИнновация» АҚ Президенті Баян Әлімғазина осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда әрбір үшінші жыл сайын құрғақшылық проблемасы қайталанып тұрады. Сондықтан да дақылдардың құрғақшылыққа төзімділік сұрыпын көбейту проблемасы да өзекті күйінде қалып отыр. Ал қазақстандық-австралиялық бірлескен зертхана негізінен австралиялық тараптың бастамашылығымен құрылатын болады. Жалпы, Австралияда жиырма жылға жуық уақыттан бері қазақстандық биотехнология, молекулярлы биология саласының мамандары, ғалымдар жұмыстар атқарып келеді. Алдағы уақытқа жоспарланған зертханада дәнді дақылдар сұрыптарының ішінен құрғақшылыққа төзімділерін шығару үшін дәнді дақылдар генетикасы аясында зерттеулер жүргізілетін болады», деді Б. Әлімғазина.
Оның айтуынша, зертхана үшін бастапқыда Австралияда оншақты жас мамандарды қатыстыра отырып кадрлар даярлау жұмыстары жүргізіледі.