Даниал Ахметов: Абай – ұлт мақтанышы, парасат биігіне көтерілген тұлға
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ұлы Абайдың ескерткішіне гүл қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.
«Бүгін ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған Абай Құнанбайұлының дүниеге келген күні. Осыған орай, ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.
Былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет 10-тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізіміне енгізді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен жылы Қазақстанның бастамасымен, ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтті. Елімізде де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақтың бас ақынының рухын асқақтатар игі істер атқарылды.

Абай – ұлт мақтанышы, парасат биігіне көтерілген тұлға! Ол жұртты білім мен ғылымға, өнерге, адалдыққа жетеледі, толық адам болуға үндеді. Абай мұрасы – біздің ұлт болып ұйысуымызға, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Абайдың айтқан ақылын санамызға сіңірсек, тұрмысымызда кәдеге жаратсақ, адаспайтынымыз ақиқат. Түптеп келгенде халқы сауатты һәм мәдениетті, білім мен өнерге бай, өрге ұмтылған еңселі ел боламыз»,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол қалың көпшілікті «Абай күні» мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі.

