Даниал Ахметов: Аудандық полиция бөлімшесін жөндеуге 120 млн теңге бөлу – негізсіз

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Катонқарағай ауданындағы полиция бөлімшесін жөндеуге 120 млн теңге бөлу негізсіз әрі артық қаржы екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Даниал Ахметов: Аудандық полиция бөлімшесін жөндеуге 120 млн теңге бөлу – негізсіз

Аймақ басшысы Катонқарағай ауданына жасаған жұмыс сапарында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салу және жөндеу жұмыстарының барысын қадағалап, жылыту қазандығы мен полиция бөлімінің ғимаратын жаңарту жоспарларымен танысты.

Даниал Ахметов ең алдымен, Катонқарағай ауылында орналасқан С.Ластаев атындағы орта мектепке табан тіреді. Ауданның тұрақты даму қоры есебінен «Ауыл мектебі» жобасы аясында білім ордасының кабинеттері жөндеуден өткен. Жаңа үлгідегі 9 пәндік сынып әзірленіп, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» білім беру орталығына әдістемелік құралдар мен музыкалық жабдықтар сатып алынған.

Сондай-ақ әкім жалпы ауданы 640 шаршы метр болатын төрт екіпәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысын тексерді. Пәтер кілттері көпбалалы отбасылар мен әкімдік кезегінде тұрғандарға беріледі. Даниал Ахметов Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жұмыстың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Өңір басшысы ауқымды жөндеуді талап ететін «Алтай комхозсервис» КМК-ның жылыту қазандығына барды.

«Басқа аудандар мен қалалардағы қазандықтарды жөндеу және салу тәжірибесін ескере отырып, Құрылыс басқармасына барлық шығындарды мұқият талдауды тапсырдым. Егер ескі қазандықты қайта қалпына келтіру жаңасын салудан қарағанда қымбатқа түссе, жоспарды қайта қарап, заманауи әрі энергиялық жағынан тиімді жаңа жылыту қазандығын салуға қаржы бөлеміз, - деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, полиция бөлімін аралаған ол ғимараттың іргетасы 1970 жылы қаланғанын және толық жөндеуді қажет ететінін айтты. Бірақ бұл үшін қажет деген 120 млн теңге негізсіз әрі артық қаржы. Сондықтан әкім бюджетті қайта қарап, оны 2,5 есеге қысқартуды тапсырды.

Одан кейін облыс әкімі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңын аралады. Жұмысқа көңілі толған өңір басшысы құзырлы басқарма басшылығына аймақта осындай типтік кешендердің санын арттыруды ұсынды.

«Облыстың барлық аудандарында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің әрқайсысына жеке жобалық-сметалық құжаттама әзірлеудің қажеті жоқ деп санаймын. Типтік нысандарды салған дұрыс болады. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді Даниал Ахметов.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі биыл ашылған «Қаратай» қонақ үйін де аралап шықты. Мұнда ауылдың іскер азаматтары киіз үйлер тігіп, шағын ағаш үйлер салып қойған. Бұл жерге күніне орта есеппен 15-20 турист келеді. Нысанды іске қосуға қомақты инвестиция қажет болмады.

Ауылдық жердегі туризм мемлекеттің қолдауына лайық, Біріншіден, бұл – ауылды жерде қосымша жұмыс орнын ашуға жақсы мүмкіндік. Аудан әкімдігіне осындай кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарды анықтауды тапсырамын. Біз оларға типтік жобаларды ұсынып, қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Д.Ахметов.