Даниал Ахметов неліктен ШҚО тұрғындарынан 7 есе көп жалақы алатынын түсіндірді
«Ең алдымен жалақы жүйесін, оның ішінде әкімдердің жалақысы қалай белгіленетінін түсіндірейін. Әкімдердің базалық жалақысы бәрінде бірдей. Әрі қарай еңбек өтіліне қарай өзгере береді. Қазір мені әлеуметтік желіде сынап кетулеріңіз мүмкін, бірақ менің еңбек өтілім – 48 жыл. Бұл мерзім осында отырған кез келгеніңіздің жасынан үлкен. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 33 жыл болды. Мұнда өмірбаянымды айтпай-ақ қояйын, дегенмен басқа әріптестеріммен салыстырғанда мен жеткілікті өндірістік базамен келдім. Сондықтан да менің қазіргі еңбекақым 2 миллион теңгеден асады», - деді Д. Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілерге берген жауабында.
Сонымен бірге тілшілер Даниал Ахметовтан Шығыс Қазақстан облысындағы орташа жалақының қанша екенін, әкім жалақысынан неше есе аз екенін сұрады.
«Өңірдегі орташа жалақы – 262 мың теңге. Бұл менің жалақымнан 7 есеге аз. Бірақ менің аптасына неше күн жұмыс істейтінімді неге сұрамайсыздар? Тәулігіне неше сағат жұмыста боламын? Сіздер өз өмірлеріңіз тұрғысынан пайым жасайсыздар. Ал біз Президентіміздің тапсырмасын бұлжытпай орындау тұрғысынан қараймыз», - деді Даниал Ахметов.