Даниал Ахметов өңірде медсақтандыруды енгізу жұмыстарын сынға алды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО әкімінің кеңейтілген мәжілісінде Даниал Ахметов медициналық сақтандыруды енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары әлсіз жүріп жатқандығын сынға алды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Денсаулық сақтау басқармасының таяуда тағайындалған басшысы Марат Шорановтың медициналық сақтандыру және оны ақпараттық түсіндіру жұмыстары туралы баяндамасын тыңдаған Даниал Ахметов, алда үлкен жұмыс күтіп тұрғандығын атап өтті.
М. Шоранов өңірде халықты емханаларға бекіту рәсімі аяқталмағанын айтты, 240 мыңдай адам әлі медициналық мекеме таңдамағандығын баяндады.
«Медициналық сақтандыру жайлы халықтың 26 пайызы ғана хабардар. Бұл әлі де болса атқарылатын жұмыстардың ауқымдылығын білдіреді, - деді әкім.
Сондай-ақ Даниал Ахметов денсаулық сақтай басшылығына әр санат үшін жеке-жеке қажетті түсіндіру жұмыстарының егжей-тегжейлі тізбесін дайындауды және бір ай мерзімде ШҚО денсаулық сақтауды дамыту жоспарын қайта жасауды тапсырды. Ұзақмерзімді және ортамерзімді жоспарға халықаралық стандарттарға сәйкес (бригадалық әдіске) онкология, кардиология, жүкті әйелдердің денсаулығы - басым бағыттары бойынша мульти тәртіптік командалармен мамандарды оқытудың үш деңгейлі кешенді жоспары енуі тиіс екендігін ескетті.
«Елімізде денсаулық сақтауға және жаңа медициналық жабдық сатып алуға ауқымды қаражат жұмсалып жатқандығын еске салғым келеді. Әр тармақты жан-жақты ойластырып, жұмыс істеу қажет. Мысалы, бірінші деңгейдегі оқытуға жергілікті дәрігерлерді тартыңдар. Медицналық мекеме басшылары өзінің қарамағандағы мамандардың біліктілігінен кем түсіп жатпауы үшін оқу курстарына барулары тиіс», - деді өңір әкімі.