Даниал Ахметов Өскемендегі Үлбі жағасын нығайтуды тапсырды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда су тасқынына қарсы шаралар әлі де жалғасуда. Мамандар өзендердегі су деңгейін тәулік бойы бақылауына алған.
Облыстық әкімдіктегі отырыста өңірдегі жағдай талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ақпараттық орталыққа сілтеме жасап.
ТЖД басшысы Нұрлан Мадияров мәлім еткендей, Зырянов ауданы аумағында Хамир өзенінің жағасы нығайтылды. Мамандар өңірде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Ағымдағы мәселелерді жіті талқылап, қажетті көмекті көрсету керек, бұл үшін бюджеттен ақша қарастырылған», - деді өңір басшысы Даниал Ахметов.
Облыс әкімі бір апта ішінде жыл сайын Өскемен тұрғындарына қауіп төндіретін Үлбі өзенінің жағасын нығайтуды тапсырды. Мұны жауын салдарынан күрт артатын өзендегі су деңгейінің көтерілуін күтпей, алдын ала жасау қажет.