Даниал Ахметов шекара маңындағы ауылдардың қалай дамитынын айтты
«Аумақтарды дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, облыстағы маңызды бағыт – шекара маңындағы аудандар мен бұрынғы аудан орталықтарын қайта жаңғыртуды айтпай кетуге болмайды. Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасқан, облыс орталығынан шамамен 400 шақырым қашықтықта орналасқан өңірлер үшін халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған Кешенді жоспарлар қабылданды», - деді Д. Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, орталық және шет аумақтар арасындағы ахуалды теңестіруге 2020 жылдан 2024 жылға дейін бес жылда 183 млрд теңге бағыттау жоспарланған, оның ішінде 2021 жылы 43 млрд теңге жұмсалды. Биыл облыстардың бөлінуін ескере отырып, 44 млрд теңгеге іс-шаралар іске асырылады.
Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойынша 2021-2024 жылдары әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сапалы өзгеруіне 43 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2021 жылы жобаларды іске асыруға 14 млрд теңге жұмсалды, биылғы жылға 8 млрд теңге бөлінді.
«Шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жоспарларын іске асырудың екі жылдық нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 9 спорт нысаны, көп пәтерлі 3 және екі пәтерлі 202 (19 мың шаршы метр) үй салынды, 283 километр сумен қамту жүйесі тартылды, 156 әлеуметтік нысан, сондай-ақ 450 километрден астам жолдар мен көшелер жөнделді», - деп баяндады Даниал Ахметов.