Даниал Ахметов шығыстағы ахуал жайында Үкіметке есеп берді

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Аягөзде су тасқынынан зардап шеккен үйлер 1 айдың ішінде толықтай жөнделеді. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Даниал Ахметов шығыстағы ахуал жайында Үкіметке есеп берді

Облыс басшысының айтуынша, су тасу қаупіне байланысты жоғары деңгейдегі дайындық режімі Өскемен  және Семей қаласында, Жарма, Зырян, Күршім, Қатонқарағай, Ұлан аудандарында енгізілді. Облыстың үш ауданында Аягөз, Глубокое, Шемонаихада табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

«Аягөзде 14 үй қирап, 19  үйдің  жағдайы апатты деп танылды. Қазіргі кезде жағдай тұрақты. 286 адам үйіне оралды. Тек 12 адам интернатта уақытша тұрып жатыр. Өткен екі аптаның ішінде 32 үй сатып алдық. 14 үйге тұрғындар орналасты, екі-үш күннің ішінде қалған 18 үйге адамдар кіреді. Бүгін мен сол жаққа тағы да барамын. Құрылысшылармен бірге барлық 140 үйдің жөндеу жұмыстарына бақылау жасап, оны бір айдың  ішінде жүзеге асырамыз. Қазіргі кезде осы ауданға 259 млн теңге бөлдік. Барлық жөнделетін үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын», - деді Даниал Ахметов.

Оның дерегінше, Глубокое ауданында Прогресс, Белоусовка кенттері мен аудан орталығы тұрақты бақылауға алынған. Адамдарды  қауіпсіз жерге көшіру бойынша  тиісті шаралар қабылданған.

«Жалпы 172 үйге су кірген. 567 адам су басу қаупі бар  аймақтан қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың ішінде 53 адам үш мектеп-интернатқа орналастырылды. Үш мерзімді тамақ және басқа да мәселелер шешілген.  Қалған тұрғындар өз туыстарының үйлеріне уақытша көшіп барды. Қазір  арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен үй малдарымен танысып жатыр. Біз комиссия шешімін басшылыққа алып, шығынды өтейміз. Сұрақты тез шешу үшін қайырымдылық қорына 50 млн теңге бердік», - деді ол.

ШҚО әкімі жағдаймен танысу үшін Шемонаиха ауданында болғанын да атап өтті.

«Қазір жағдай былай, жауын суы таудың қар суымен араласып, Үбе өзенінің деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Ол менің кезімде болды. Салдарынан өзен мұзы қозғалып, сең жүрді. Айта кету керек, өзен мұзын дер кезінде жармағанда апат салдары  мұнан да біршама қиын болар еді. Сондықтан бұл жұмыс жалғасып жатыр. Ауданда 42 үйге су кірген. Қазір барлық тұрғындар үйлеріне оралды. Тиісті комиссия жұмыс істеп жатыр. Арнайы қор ашу бойынша шаралар қабылданды. Бүгін осы ауданға тағы 50 млн теңге бөлеміз. Жалпы облыстағы жағдай тәулік бойы бақылауға  алынды. Жедел шаралар қабылданып жатыр. Тиісті қызметтер толығымен тартылған. Барлық мәселе бақылауда», - деді Даниал Ахметов.