Дания Еспаеваның сенімді өкілдері Жамбыл облысын аралап жүр
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сенімді өкілдері Азат Перуашев, Болат Өтепбаев, Асан Қошмамбетов және облыстық партия ұйымының белсенділері Жамбыл облысында бірқатар кездесу өткізді. Бұл жөнінде «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы кездесу Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылындағы Мәдениет үйінде сайлаушылардың белсенді қатысуымен өтті. Сенімді өкілдерге әлеуметтік, зейнетақы, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы және халықты жұмыспен қамту салалары бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Кездесу барысында жиналған көпшілік Дания Еспаеваның өмірі мен қызметіне қызығушылық танытты.
Бұдан кейін респуликалық штаб өкілдері Қостөбе ауылында шағын бизнес өкілдері және шаруа қожалық өкілдерімен кездесті. Кездесу Қостөбе ауылдық округында өтті. Сенімді өкілдерге мемлекет тарапынан ауыл шарушылығымен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін субсидия мен несие бойынша көптеген сұрақтар қойылды.
Келесі кездесу Тараз қаласындағы «Қошмамбетов және К» ЖШС мекемесінің мәжіліс залында өтті. Оған Тараз қаласының ірі, орта және шағын кәсіпкерлері қатысты. Азат Перуашев Парламент Мәжілісінде «Ақ жол» фракциясы депутаттарының атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап, президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп берді.