Дания Премьер-министрі: Гренландия — сатылмайтын жер
АСТАНА. KAZINFORM — Дания Премьер-министрі Метте Фредериксен 2 сәуір күні Гренландияға ресми сапармен барды, деп хабарлайды CNS агенттігі.

Ел астанасы Нуук қаласында өткен баспасөз мәслихатында ол Гренландия қазіргі таңда қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатқанын айтып, барлық тарапты бірлікке шақырды және Гренландияның АҚШ тарапынан бақылауға алынуына Дания үкіметінің жол бермейтінін қадап айтты.
Фредериксен Гренландияның астанасы Нуук қаласына келіп, үш күндік ресми сапарын бастады. Ол бұл сапардың басты мақсаты — Гренландияның автономиялық үкіметімен сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелерін талқылау және осы «аса күрделі міндетті» шешудің жолдарын іздеу екенін мәлімдеді.
— Егер Гренландия қиын жағдайға тап болса, онда бұл бүкіл Дания Корольдігі мен Еуропа үшін де күрделі мәселе деген сөз. Гренландия — сатылмайтын жер. Бұл — гренландиялықтардың жері. АҚШ бұл аралды өз бақылауына алмауы тиіс. Алдағы күндері біз осы ұстанымды бірлесіп халықаралық қауымдастыққа жеткізетін боламыз. Себебі, АҚШ тарапынан Гренландияға егемендік, шекара және болашаққа қатысты қысым көрсетіліп отыр. Біз бірлік танытуымыз қажет, — деді Дания Премьер-министрі.
Еске салсақ, биыл 28 наурызда Гренландияда жаңа автономиялық үкімет құрылды. Сол күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бастаған делегация Гренландияның солтүстігіндегі Питуфик ғарыш базасына сапар жасап, онда мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Гренландия — АҚШ үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды аймақ, сондықтан Вашингтон Арктикадағы көшбасшылығын нығайтуы керек. Вэнс Гренландияны АҚШ-пен ынтымақтастық орнатуға шақырып, арал «Данияның қорғауында емес, АҚШ-тың қауіпсіздік қолшатыры астында әлдеқайда сенімді болады» деген пікір білдірді.
Гренландия — Солтүстік Америка құрлығының солтүстік-шығысында орналасқан әлемдегі ең үлкен арал. Ол Дания Корольдігіне қарайтын автономиялық аумақ саналады және ішкі істер мен жергілікті басқару жүйесінде жоғары дербестікке ие. Алайда қорғаныс пен сыртқы саясат мәселелері Дания үкіметінің құзырында.
Айта кету керек, АҚШ президенті Дональд Трамп билікке келгеннен кейін бірнеше рет Гренландияны иемденгісі келетінін ашық мәлімдеп, тіпті қажет болса, күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармайтынын айтқан.
Осыған дейін Дания Сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссен АҚШ әкімшілігін ел мен Гренландияны сынағаны үшін ренішін білдіріп, Копенгаген Арктика қауіпсіздігіне көбірек инвестиция салып жатқанын және АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық үшін ашық екенін мәлімдеді.