Дания суретшісі картина салуға музейден ақша алып, орнына бос кенеп берген

суретші,
Фото: Freepik

Дания соты суретші-концептуалист Йенс Хаанингті «Ақшаны ал да, қаш» деп аталатын бос кенептер қойылған перформанс үшін Кунстен мұражайына ақша қайтаруды міндеттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews агенттігіне сілтеме жасап. 

Йенс Хаанинг - кедейлік, теңсіздік және көші-қон туралы жұмыстарымен танымал суретші-концептуалист.

Кунстен заманауи өнер мұражайы суретшіні 2007 жылғы ең танымал жұмыстарының бірін қайта жасау мақсатында жалдады. Бұл Дания халқының табысының белгісі ретінде крондық банкноттармен қапталған кенепке салынған сурет болуы тиіс еді.

Алайда автор «орындалған» тапсырыс ретінде жұртшылық назарына «Ақшаны ал да, қаш» атауымен екі үлкен бос кенепті ұсынған.

Кейіннен олар көрмеге қойылып, келушілердің үлкен қызығушылығына бөленді. Бірақ мұражай Хаанингті келісім-шарт бұзғаны үшін айыптап, ақшаны қайтаруды талап етті.

Суретші ақшаны қайтарудан бас тартқанда, мұражай басшылығы сотқа жүгінді.

Сот шешімімен суретші мұражайға 67 мың еуро көлеміндегі грантты қайтаруы тиіс. Дегенмен, ол шамамен 3500 еуроны құраған қаламақыны өзіне қалдыруға құқылы.

Даниялық радиостансаға берген сұхбатында Хаанинг бұл жұмысы қатал еңбек жағдайына наразылығы екенін айтты. Ол жұмысшыларды еңбек жағдайы өзінікіндей ауыр болса, солай жасауға шақырды. 

«Егер олардың жұмысы ауыр болып, жалақы алмаса, менің кеңесім: қолға түскенін алып, қашыңыздар», - деді ол. 

Хаанингтің бұл жұмысы - суретшілер өнер әлеміне жат емес абсурд, екіжүзділікті атап көрсеткен жұмыстар мен перформанстар тізімінің бір бөлігі.

2018 жылы суретші Бэнксидің «Шар ұстаған қыз» атты туындысы алғаш рет Sotheby's аукционына қойылған еді. Сол кезде оны Еуропадан келген коллекционер 1,28 млн еуроға сатып алған.

Алайда сауда соңында картина жақтауы туындыны қиып тастайды.

Жұмыстың іс жүзінде жойылғанына қарамастан сатып алушы көрсетілген соманы төлеген.

Соңғы жаңалықтар