Данияда 8,8 млн адамның дерегі хакерлердің қолына түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Хакерлер Данияның орталық халық тізілімін бұзып, елдің қазіргі және бұрынғы 8,8 млн тұрғынының деректеріне қол жеткізген. Билік ұрланған ақпаратты пайдаланып, алаяқтық және фишингтік шабуылдар жасалуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды DW.
Данияның зерттеу, білім және цифрландыру министрі Кристина Эгелунн болған оқиғаны «аса күрделі жағдай» деп атады. Оның айтуынша, кибершабуылдың нақты ауқымы әлі анықталып жатыр.
Қаскөйлер елдің қазіргі және бұрынғы тұрғындарының, соның ішінде қайтыс болған және Даниядан көшіп кеткен азаматтардың аты-жөніне, мекенжайларына және әлеуметтік сақтандыру нөмірлеріне қол жеткізген.
Данияның CPR орталық халық тізілімінде барлығы шамамен 11 млн адамның деректері сақталған. Қолда бар мәліметке сәйкес, дербес деректері арнайы қорғауға алынған адамдардың мәліметтері кибершабуылдан зардап шекпеген.
Цифрландыру министрлігінің мәліметінше, халық тізілімін басқаратын орган жүйеде ақау бар екенін қыркүйек айында-ақ анықтаған. Хакерлер жүйеге Дания компанияларының біріне тиесілі заңды рұқсат арқылы кірген. Кейін бұл қолжетімділік бұғатталды.
Қазір билік кибершабуылдың толық ауқымын анықтап, осындай шабуылдардың қайталануына жол бермеу шараларын қабылдап жатыр. Тергеу басталды, алайда кибершабуылды ұйымдастырушылардың кім екені әзірге белгісіз.
Кристина Эгелунн ел тұрғындарын ұрланған деректерді пайдаланып жасалуы мүмкін фишингтік шабуылдарға байланысты аса сақ болуға шақырды.
— Бәлкім, біреу бізбен байланысқа шыққанда, әдеттегіден де сақ болып, күмәнмен қарауымыз керек шығар, — деді министр.
Ол сондай-ақ күмәнді жағдайларда ешқандай ақпарат бермеуге және белгісіз сілтемелерге өтпеуге шақырды.
CPR тізілімінде Данияның қазіргі және бұрынғы шамамен 11 млн тұрғыны туралы мәлімет бар. Қазіргі уақытта ел халқының саны шамамен 6 млн адамды құрайды.
Бұған дейін АҚШ-та Пентагонның кадрлық деректер орталығына жасалған кибершабуылдан кейін 3 млн-ға жуық адамның жеке мәліметтері белгісіз қаскөйлердің қолына түскені туралы жазған едік.