Данияда абайсызда босап кеткен 80 мың балық экологиялық қауіп төндіруде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дания билігі балықшылардан 80 мың алабалықты аулап беруін сұрады. Ютландия бұғазында жүк кемесі балық өсірумен айналысатын шаруашылықты соғып, ондағы балық еркіндікке кетіп қалған. Бұл туралы Би-Би-Си агенттігі хабарлайды.
Мамандар салмағы үш келіге дейін жететін құбылмалы алабалық (форель) экологиялық тепе-теңдікті бұзып, алабалықтың өзге түрлерінің уылдырықтарын жей бастайды деп алаңдауда.
Дания балықшылар қауымдастығының мүшесі Сорен Кнабенің сөзіне қарағанда, осындай көп балықтың осы мезгілде бір жерге шоғырлануы қауіпті екен.
«Қазір теңіз алабалығы уылдырығын шашу үшін Фюн аралына барады, ал оның уылдырығы құбылмалы алабалықтың сүйікті азығы. Босап шыққан құбылмалы алабалық теңіз алабалығының соңынан еріп, оның уылдырығын жойып жібереді», - деп түсіндірді Кнабе.
Балық өсіретін шаруашылықты қиратқан кеме ресейлік болып шықты. Ол Калининградтан даниялық Коллинг теңіз портына бара жатқан.