Данияда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтті
АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Сіз түске таяу басталған, содан кейін үзіліс жарияланған, жұрт тамақтанып қайтқаннан кейін қайта жалғасқан, сөйтіп, бас-аяғы бес жарым сағатқа созылған концертті көріп пе едіңіз?
Көре қоймаған шығарсыз. Біз көрдік. Сондай бола ма өзі деп отырған шығарсыз. Болады. Егер ол концертті қазақтар қойса. Егер ол концерт қазақтар үшін қойылса. Егер ол концерттің залында атамекеннен келген сүйікті орындаушыларын сағына тосқан қазақтар отырса.
Жексенбінің кешінде Данияның Аархус қаласында Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы аяқталды. Біз айтып отырған концерт құрылтай қонақтарына арналған еді. Түске дейін осындағы аз үй қазақтың ұл-қыздары әлдері келгенше ән шырқады, бұралып би биледі, түстен кейін сахна төрі Қазақстанның өнер шеберлеріне тиді. Әуел баста концерт бір сағаттың о жақ, бұ жағында аяқталады дегеніміз, қол босаған соң кешкі қаланы аралап қайтпақ ойымыз жайына қалды. Түстен кейінгі концерттің өзі артық-кемі жоқ үш сағатқа созылды. Ұлттық өнеріміздің бүгінгі жарық жұлдыздары Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, қоңыр дауыстарымен аз жылдың аясында-ақ қалың қазақтың жүрегін жаулап үлгерген «Қоңыр» тобы тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды, қыза-қыза келгенде концертіңіз кәдімгі тойға айналып, әнге қосыла билеген жұрт тіпті сахнаға да шығып кетті. Бұл нені көрсетеді? Алыстағы ағайынның атажұртты аңсаған сағынышы басылмағанын көрсетеді. Қазақтың бірлігін, ынтымақшыл тірлігін көрсетеді.
Біз Данияның Копенгагеннен кейінгі екінші қаласы саналатын Орхусқа жұманың кешінде, сол күні таң сәріде Алматыдан шығып, Мәскеу, Гамбург арқылы жеті сағаттай ұшып, Гамбургтен бері қарай автобуспен бес сағаттай жүріп, кештетіп жеткен болатынбыз. Кешкі дастарқаннан кейін ұйқыға құлай кететіндей көргенбіз. Қайдан. Сағына тосып отырған ағайын қиылып отырып Қыдырәлі мен Қарақатқа бірнеше ән орындатқызды, өздері де ауылдың алты ауызын айтты. Әуелде:
Аужар басын сұрасаң былай болар, жар-жар-ай,
Қой көшкенде тынық су лай болар, жар-жар-ай.
Жылама деп айтасың маған халқым, жар-жар-ай,
Ата-анадан айырылған қалай болар, жар-жар-ай,
деген сияқты аужардан бастап еді, бара-бара:
Айт десеңіз айтайын пайдаменен,
Бұрынғыдай заманым қайда менің,
Ағайыннан айырылып, қайғы жұттық,
Тілім-тілім жүрегім, қайран елім, -
деп тұрып аңыратты-ай келіп. Сай-сүйегіңді сырқырататын сол сырлы сарынды тұтас келтіріп жатуға орын тар. Диктофонымызда қалған ол шумақтарды айтқан апамыздың аты - Қалима. Мюнхеннен келіпті. Алты баласы бар. Үш қыз, үш ұл. Қытайдың Баркөл жағынан 1954 жылы Түркияға өткен екен. Аужарлатып алдымен айтқан апамыздың аты - Амангүл. «Құдай Ауғанстанда берген мені. Қашып барғаннан кейін бір жылдан кейін бе, екі жылдан кейін бе туыппын. Аман-сау өттік деп атымды Амангүл қойыпты», дейді апамыз. «Сүйегіміз Әлім. Жанғожа деген бар емес пе? Сол кісі біздің бабаларымыз. Шекті Жанғожа. Маған бірақ бұл жақтан шекті табылмады. Шешем керейіттің қызы еді, бұл жақта керейіт те жоқ екен. Басқаларға ағайын табылды, маған табылмады», деп жас адамдай жарқылдап күліп қояды өзі. «Онда қазақтың бәрін ағайын деп санаңыз», дейміз. «Сөзің рас, шырағым, қазақтың бәрі ағайын ғой», деп қайтадан сабырлы, ойлы қалпына түседі. Осындағы бар шаруаның басы-қасында Амангүл әженің немересі Нұрарман жүр. Келген күні қазақстандық делегация мүшелерін қала мэрі Яаков Бундсгаардпен кездестіріп жүрген де сол жігіт. Нұрарман осындағы іскер топтардың біразын демеушілікке тартып, солардың логотиптерін буклетке шығарып та қойыпты.
Мұндағы қай адаммен сөйлессеңіз де толғанбай-тебіренбей қала алмайсыз. Бәрі разы. Шүкіршілік айтады. Бүгінгі бақытқа тәубе дейді. «Әкемнің туып-өскен жері Қармақшы, өзім Ауғанстанда туғанмын. Одан Түркияға, одан Керманияға өткенбіз. Төрт балам бар, ағайынды көріп қуанып жатырмыз. Отанымызға тыныштық берсін, патшамызға ұзақ өмір берсін. Еліміздің туын көтеріп келгендеріңізге рахмет. Сіздердің қызметтеріңізде жүрміз. Алла тағаланың арқасында амандықпен осылай жүре берейік», деп тілегін ақтарады Тәура Қарабазар деген апай.Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрылтайға қатысушыларға құттықтауын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев оқып берді. Құттықтауды мұндағы жұрт демін ішіне ала тыңдады. Осы жауапты қызметті біраз жылдан бері абыроймен атқарып келе жатқан Талғат Асылұлының ел сәлемін жеткізуі де толқытарлықтай болды. Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжановтың сөзі де әсерлі шықты. «Осыдан талай жыл бұрын, сексенінші жылдардың басында Берлиндегі Гумбольдт университетінде оқып жүрген кезімде мен алғаш рет шетелдік қазақ диаспорасының Батыс Берлиндегі өкілдерімен танысқан едім. Бүгінгі мерекеге солардың кейбірінің балалары қатысып отыр» деп бастаған Нұрлан бауырымыз: «Ай көрмесең ағайын жат, жыл көрмесең жолдасың жат» деген нақыл сөзді мықтап есте ұстаған қазағымыз сол ауыр жылдарда да бірін бірі ұмытпады, жерлестік, туыстық байланыстарын үзбеді, құмға сіңген судай Еуропадағы басқа ірі ұлттарға жұтылып кетпей, ұрпақтарының жүрегіне Орталық Азиядағы қазақ деген ұлттың өкілі екендерін, Қазақстан деген атажұрты бар екенін мықтап құя білді. Енді, міне, жиырма жыл бұрын қол жеткен тәуелсіздіктің арқасында дүниеге тарыдай шашырап кеткен қазақ жиналып, ауылдан ат терлетіп арнайы үкімет делегациясы келіп, Дания жерінде ұлан-асыр той жасалып жатыр» деп кеңінен толғады.
Еуропа қазақтары кәрі құрлықтағы өзіміз сияқты ағайындардың бізге қызыға, қызғана қарайтынын жақсы біледі. Көп елдердің қандастарға қарайласу, қолдау тұрмақ, қарауға қауқары болмай тұрғанынан да хабардар. Ана бір жылы, Мюнхендегі құрылтайға келгенімізде сол жиынға қатысқан белгілі өзбек жазушысының бұл жайындағы пікірін репортажымызда жазғанымыз да бар. Иә, Елбасының ойында елдің қамы десек, сол көп қам-қарекеттің бел ортасында отандастармен жұмыс тұр. Отандастармен жұмысты тек оларды атамекенге оралтумен тұйықтап тастауға болмайды. Олай қарасақ, осы Еуропадағы бүкіл қазақ елге түп-түгел көшіп барса да жыртығымызды жауып тастамайтыны белгілі.
Еуропа қазақтары үшін бүгінгі таңдағы ең басты нәрсе - ұрпағының ана тілінен айырылып қалмауы. «Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды» дегендей, біз тәуелсіздік туын тігіп, әлем айдынына шыққанда жаһандану желі соға бастады, жаңадан мемлекет құра бастаған біз тұрмақ, дербес тарихы ғасырларға кететін елдерге де ұлттық дара сипаттардың шайылу қаупі төне түсті, ол аз болғандай, қайта-қайта қайырылып келіп тұрған қаржы дағдарысы кім-кімді де бәрінен бұрын өз басының, тіршіліктің қамын қаузауға мәжбүрлеп барады. Солай болғандықтан, Даниядағы құрылтайда да ең көп айтылған мәселе - тіл мәселесі.
Осы орайда елшіміз Н.Онжановтың бастамасы бойынша құрылтайға қатысушы жастардың арасында «Қазақ тілін білесің бе?» деген атпен конкурс ұйымдастырылғанын, оған қатысқан қырыққа жуық ұл-қыздарымыздың жап-жақсы сауаттылық танытқанын, оза шыққандарына (бірінші орын ұлыбританиялық Сафа Жаналтайға, екінші орын франциялық Мәдина Үйселге, үшінші орын даниялық Әмір Аюбиге тиді) мына жақтағы талай зиялының қолы жетпей жүрген «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың батырлық жыры» сияқты аса құнды дискілер дестелерінің сыйға тартылғанын разылықпен айтамыз, алдағы құрылтайлар өтетін елдердегі елшілер осы бастаманы жалғастырып кетеді деп сенеміз.
Айтқандай, алдағы құрылтайлар демекші, Даниядағы құрылтай осы істі бір жүйеге салып бергенімен де есте қалуға тиіс. Біз осындай құрылтайлардың талайына қатысқанбыз. Вестероста да, Парижде де, Мюнхенде де, Ослода да құрылтай аяғы келесі құрылтайдың орны жөніндегі пікірталастарға ұласып кетіп жататынын көргенбіз. Бұл жолы алдағы он жылдың кіші құрылтайларын өткізудің жай-жапсары қаралып, осы шаруаның тізбесі түзілді.
Сонымен, Еуропа қазақтарының кіші құрылтайлары енді мына ретпен өткізіледі: 2013 жылы - Париж, 2014 - Амстердам, 2015 - Берлин, 2016 - Кельн, 2017 - Мюнхен, 2018 - Осло, 2019 - Лондон, 2020 - Вена, 2021 - Стокгольм, 2022 - Аархус. Бәлен жыл бұрын біле тұрып, көңілдегідей дайындала алмадық деп айта алмайтының анық. Бір атап айтарлық жай, биылғы кіші құрылтайға Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы қомақты қолдау көрсеткен. Бір жағынан елшілік те нақты қамқорлық жасаған. Сонымен бірге, бұл көмек ендігі жерде алыстағы ағайынды құрылтайларды Қазақстанымыз өткізіп беретін болды ғой деп босаңсытып жібермесе деген алаң көңіліміз барын да жасырмайық. Бір жақсысы, көп дүниеге түсіністікпен қарау белең алғаны. Талғат Мамашев басшылығымен өткізілген дөңгелек үстелде көптеген мәселелер нақты талқыланып, шешімін тапты немесе шешімін табудың жолдары ойластырылды.
Бұрын келгендерімізде «Газетті қалай жаздырып аламыз, бағасы қаншаға түседі?» дегендей сұрақтармен де мазалап жататын жұрт енді «Егемен Қазақстанның» сайтынан мақалаларды сол күні-ақ оқып алатын болғанына разылықтарын білдіреді, ал біздің таяудағы екі айдан бері бұл басылымның бүкіл әлемдегі қазақ атаулы түгел оқи алатын тұңғыш газетке айналғанын, яғни газет сайты үш әліпбимен - кириллицамен, латынмен және төте жазумен шыға бастағанын, ондағы әрбір мақаланы бастырып алуға мүмкіндік бар екенін айтқанымызға тіпті қуанысып қалды.
Әрине, қазақ - Африкада да қазақ. Мұндағы ағайынға да біздегі бауырларының енжарлығы атымен тән емес деп айта алмаймыз. Қауымдастық қамқорлығымен арнайы мұғалім жіберіліп, қазақ тілін оқыту ұйымдастырылғанда да әуелде біраз бала келген сол курстар айналасы аз айдың аясында жабылып қалғаны, ондағы негізгі себеп курс орналасқан жерге балаларды жеткізудің қиындығы болғаны айтылды. Сонда енді Қауымдастық балаларды таситын көлікке дейін шешіп беруге тиіс пе? Мәжіліс депутаты, тілдің танымал жанашыры Оразгүл Асанғазы өзі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенінде алыстағы ағайынның балаларын жаз айларында елге алдыртып, тілдік ортада қазақшаға үйрету тәжірибесі болғанын, оны қайта жандандыру әбден-ақ мүмкін екенін айтты. Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай сияқты ұлтжанды, білімді азаматтар барда тіл мәселесінің көңілдегідей шешілеріне сенетінін де білдірді. Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы оқу-әдістемелік әдебиеттер шығару ісіне Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қамқорлық көрсетілетінін, шет елдерде тілді насихаттаудың бір тетігі Конфуций, Гете институттарының үлгісімен Абай институттарын құру екенін қадап көрсетті.
Жылдағыдай биыл да футбол турнирі ұйымдастырылды. Бірінші орынды Мюнхен командасы иеленді. Екінші орын Данияға, үшінші орын Парижге бұйырды. Оларды марапаттаудың өзі кәдімгі бір салтанатты рәсімнен кем болған жоқ.
Дания құрылтайы Еуропа қазақтарының ұлттық сана-сезімін ұштай түсетін, намысын қамшылай түсетін, атамекеннің қадір-қасиетін таныта түсетін тағы бір игілікті іске айналды. Құрылтайдың үш күнінде де жастардың жарқын жүзін көріп қуанып жүрдік. Концерт кезінде даниялық бір бала жігіт екі иығын жұлып жеп, поэзияның басын жарып, көзін шығарып, кәдімгі рэпті соғып жатты.
Мен - қазақ,
Кіші жүз ішінде аспан.
Атымды сұрасаң менің Ахметхан.
Данияда қазақтың атын шығартқан.
Жасай бер, Қазақстан!
Қазақстан! Қазақстан!
Бұған не айтарсыз? Жап-жас болып, әніне руын қосқаны несі дейсіз бе, «аспан», «Ахметхан», «шығартқан», «Қазақстан» деген сөздер ұйқасып жарытпайды, мұндай ән мәтіні болмайды дейсіз бе? Ондай талабымызды осы Қазақстанда-ақ қойып, орындатып алайықшы. Сонау жер түбіндегі Аархуста жүріп, тілін, ділін ұмытпағаны үшін, тіпті руын ұмытпағаны үшін әлі келгенше ән шығарып, соған өзі сөз жазып, өзі орындап жүрген бауырымызға ақ алғысымызды айтпаймыз ба, алдымен? Әрине, солай еткеніміз жөн. Сол әннің өзі залдағыларды «Қазақстан! Қазақстан!» деп айқайлатуға жетіп жатыр. Одан артық не керек? Жаңағы жігіт әнінің дат тілінде айтылатын шумақтарының қайырмасында «Данмарк! Данмарк!» деп те қояды. Саясаттың сыралғысы үшін емес. Дания - туған жері, өскен елі. Ана жылы бұзық ойлы біреуі пайғамбарымыздың суретін салып, мұсылман дүниесінің заңды ашу-ызасын туғызғанымен, тұтастай алғанда, толерантты мемлекет. Тыныш тұрып, түзу жүретін қазақтарда тіпті шатағы жоқ. Айтқандай, дат тілінде демекші, Еуропа қазақтары федерациясының төрағасы Әбдіқайым Кесижи «дөңгелек үстелде» сөйлеген сөзінде Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевқа «ағылшынша, французша өлең жазатын жастарымыз шығып жатыр, тілі басқаша демесеңіз, жаны қазақша жырлар, отаншыл өлеңдер, соларды аудартып, Қазақстанда бастырып беруге көмектессеңіздер» деп өтініш айтты. Осы жерде жақында көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы Немат Келімбетов туралы жазған мақаламызда бір кезде ағылшынтілді қазақ әдебиеті де пайда болуы мүмкін дегендей ой айтқанымыз еске түсті. Сол заман қылаң бере де бастағандай ма, қалай? Тегі, ол өлеңдер жаңа жаза бастаған жастардың апыл-тапыл талпынысы ғана шығар. Әйтсе де, бұл қазақтың ақынжандылығына айғақ емес пе? «Қарсы алған уақытты ежелгі досындай» деп әнұранымызда айтылатындай, қазақтың уақыттың қай сынағына да сақадай сай тұра алатынына көп дәлелдің тағы бірі емес пе?
Дерек көз: "Егемен Қазақстан" газеті.