Даниялық кәсіпкерлер Алматы облысында сүт өнімдерін өндіруге қызығушылық танытты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімдігінде Дания Корольдігінің Ресей Федерациясы және Қазақстандағы елшісі Томас Винклер бастаған бизнес-делегациямен кездесу өтті.
Кездесу барысында қонақтар Алматы мен Дания Корольдігі арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды түрде дамып жатқандығын атап өтті. Айта кетелік, бүгінгі таңда Алматыда дат капиталы қатысқан 24 кәсіпорын тіркелген.
Кездесу барысында Томас Винклер Алматының инвестициялық тартымдылығы жағынан әлеуеті өте жоғары екендігін айтты.
«Алматы экономикалық және индустриалды-инновациялық даму жағынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Қалада қазіргі таңда көптеген бизнесалаңдар жұмыс істейді. Олар отандық және шет елдік капиталдың қатысуымен жаңа кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді», - деді Дания Корольдігінің елшісі.
Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдегеніндей, даниялық тарап Алматыдағы инвестициялық саясатын одан әрі жалғастырмақ ниетте. Қонақтар ауыл шаруашылығының, энергетика және жоғары технологияларды дамытуға өз үлестерін қосуға мүдделі болып отыр.
Мысалы, даниялық бизнес-делегация Алматы облысында шошқа өсіру шаруашылығы, сүт өнімдері өндірісі және балық шикізатын қайта өңдеу саласына инвестиция жұмсауға ерекше қызығушылық танытты.