Данияр Ақышев БЖЗҚ қаржысының «желге ұшуына» Келімбетовтың қатысы барын ымдады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бас банкир Данияр Ақышев бүгін БЖЗҚ инвестицияларына қатысты өз пікірін білдірді, деді ҚазАқпарат тілшісі.

Данияр Ақышев БЖЗҚ қаржысының «желге ұшуына» Келімбетовтың қатысы барын ымдады

Оның айтуынша, 2014 жылдың қазанында БЖЗҚ активтеріне Халықаралық Әзірбайжан банкінің құнды қағаздары 250 млн долларға сатылып алынған. Құнды қағаздар оффшордағы компанияға орналастырылды.

«Бұл кезде шешімді БЖЗҚ емес, Ұлттық банкте отырғандар қабылдаған. Енді бұл мәселені қалай шешеміз дегенде, Лондонда өткен отырыста қарызды қайта құрылымдаудың 3 тәсілі айтылды. Біріншіден, БЖЗҚ активтерін Әзербайжан мемлекеттік құнды қағаздары түрінде 200 млн долларға 5 пайызбен айырбастау, екіншіден 250 млн долларды 15 жылға 3 пайызбен немесе 7 жылға 3,5 пайызбен айырбастау. Үшеуі де шығынға батырады», - деді ол.

Бас банкир Ұлттық банктің барынша ақшаны аз шығынмен қайтаруға тырысып жатқанын айтты.

«Зейнетақы активтерін инвестициялау туралы шешімді арнайы кеңесті басқарған Ұлттық банк төрағасы қабылдаған. 2014 жылдың сәуірінде тұжырымдама мен құралдар тізімі шықты. Декларация шыққан соң инвестиция көлемі де анықталды. 2016 жылдан бастап басты функциялар қорды басқару кеңесіне берілді. Оны мемлекет басшысы басқарады», - деді ол.

Данияр Ақышев айтқандай, 2016 жылдан бастап ҰБ Әзербайжан үкіметіне, Әзербайжан банкіне талап қоя бастады.

«Бірақ олар мерзімінен бұрын қарызды қайтаруға келіспеді. Мәміленің мән-жайына қатысты көп сұрақ жауапсыз болып отыр. ҰБ істі құқық қорғау органдарына береді», - деді Ақышев.

Айта кету керек, 2014 жылы Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері Халықаралық Әзербайжан банкіне инвестицияланғаны жақында белгілі болды.

Ал банк болса дефольт жағдайында. Мамандардың айтуынша, салымшылардың 71,3 млрд теңгесі қайтпай қалатын қаупі бар.