Данияр Ақышев компаниялардан несие қарызын қалай қайтаруға болатынын айтты

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бизнесті қолдау үшін бөлінгелі отырған 600 млрд теңгені тиімді игеруді тапсырған болатын. Өз сөзінде Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін несие қарызын қайтара алмаған компанияларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қайтарымды жүргізу керектігін ескерткен еді.
Үкімет отырысында Данияр Ақышев бұл бағыттағы нақты тетіктерді ұсынды.
«Біз қаржы секторындағы үлгімен нақты секторда тазарту саясатын жүргізуді ұсынамыз. Нарықтан әлсіз компанияларды шығару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, қайта құрылымдау немесе банкроттау керек. Осылайша, активтер жұмысы тұрақты компанияларға берілуі тиіс», - деді Данияр Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы сонымен бірге, әлсіз компанияларды мемлекеттік қолдау тетіктерінен айыру керектігін де атап өтті.
«Мемлекеттік қаржыландыру тікелей ірі инфрақұрылымдық жобаларда сақталуы тиіс. Банкрот процедурасының тиімділігін арттыру керек», - деді ол.
Еске сала кетсек, Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Елбасының қатысуымен Үкіметтің мұндай отырысы жыл басында тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінгі жиынға Үкімет мүшелері, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен министрліктер басшылары қатысуда.