Данияр Әшімбаев: Президент – елдегі жағдайдан жан-жақты хабардар адам

None
Фото: facebook.com/adaniyar
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-мәдени дамуы жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске министрлер және әкімдермен қатар алғаш рет мәслихат депутаттары қатысты. Осы орайда саясаттанушы Данияр Әшімбаев Президенттің қандай түпкі ойына жіті назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Президенттің бүгінгі, сонымен қатар Үкімет отырыстарында және халыққа Жолдауы мен өңірлерді дамыту мәселелері жөніндегі кеңестерде сөйлеген сөзіне жасалған сараптамадан Мемлекет басшысының елдегі жағдайдан жан-жақты хабардар екенін байқауға болады.

«Әкімшіліктің мәліметтерді жедел жинап, ұсыныс беретіні түсінікті. Өкінішке қарай, Президенттің кей тапсырмаларының орындалмау не болмаса қағаз жүзінде ғана орындалуы тенденциясы бар. Проблемалы факторлар да орын алып жатыр: бір жағынан қолайсыз конъюнктура, екінші жағынан атқамінерліктің дәстүрлі іріткісі. Мемлекет басшысының Үкіметтің не болмаса министрліктердің сылап-сипаған цифрларына қарамастан қандай міндеттерге жіті назар аудару қажеттігін еске салып отыруы үшін «қолмен» басқару режиміне баруға мәжбүр екені түсінікті. Президентте шенеуніктер толыққанды және жария етуге құлықты емес аспектілерді қамтитын ақпарат бар», - деді Данияр Әшімбаев.

Мемлекет басшысы халықпен кері байланыс мәселесіне де жіті назар аударды.

Осы ретте саясаттанушы Президенттің қатысуымен өткен кеңеске барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының шақырылуына назар аудартады.

«Мәслихат – халық пен жергілікті деңгейдегі мемлекеттің өзара іс-қимылының бірінші негізгі жолы. Соңғы жылдары мәслихаттардың диалог жүйесінен сырғып қалғанын көріп отырмыз. Сайлау өткеннен кейін оларды ұмытатын едік және мәслихаттың тыңдау өткізуі немесе әкімдіктердің жұмысын бақылағаны айрықша біліне бермейтін. Сондықтан да өткен жылы саяси конституциялық реформа аясында мәслихатты жасақтау тәртібі өзгерді, олардың өкілеттігі кеңейді. Бүгінде мәслихатқа үлкен мәселелер тәуелді: дәл солар әкімдік шешімдерін қалыптайтын филиал емес, олардың жергілікті жерде шешілу жолдарын өзектендіретін және бақылайтын органға айналуы тиіс. Президент те сөз сөйлеуі барысында жиналған мәслихат өкілдеріне олардың бірінші кезектегі міндеті - жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау екендігін, жеңіл-желпі танымалдыққа бой алдырмау керектігін айтты», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар
telegram