Данияр Елеусінов Головкиннің айқасуы мүмкін қарсыласымен жекпе-жекке шығады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов (3-0, 1 КО) келесі жекпе-жегін 20 қазан күні Бостон қаласында (Массачутетс штаты, АҚШ) өткізеді, деп хабарлайды Sports.kz.
Оның қарсыласы әзірге белгісіз. TD Garden аренасында өтетін бокс кешінің хедлайнерлері кім екендігі анық. Олар: орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО) және Деметриус Андраде (25-0, 16 КО) болмақ.
Айта кетейік, Сондерс қазақстандық басқа бір боксшы Геннадий Головкинмен (38-0-1, 34 КО) де айқасуы мүмкін.
Соңғы рет Елеусінов рингке 4 тамыз күні шықты. Ол Уэльс астанасы Кардиффте өткен жекпе-жекте венгр боксшысы Габор Горбичті (26-12, 16 КО) ұпай санымен жеңген болатын.