Данияр Елеусінов пен Сұлтан Зәуірбек алғаш рет WBC рейтингіне енді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) рейтингінің жаңартылған нұсқасы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Данияр Елеусінов пен Сұлтан Зәуірбек алғаш рет WBC рейтингіне енді

Екінші орта салмақтағы WBC International Silver чемпионы Али Ахмедов 14-орында қалды, WBC Asia белдігінің иегері Айдос Ербосынұлы 35-тен 24-қатарға көтерілді.

WBC Continental Americas белдігіне ие орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы 13-тен 10-орынға көтерілді, ал бұрын 24-ші позицияда тұрған USNBC чемпионы Мейірім Нұрсұлтанов 20-орынға жайғасты.

Бірінші орташа санаттағы Қанат Ислам бұрынғыша – 24-орында. WBC-тің жастар арасындағы әлем чемпионы және Азия чемпионы Садриддин Ахмедов аталмыш отандасынан екі саты төмен орналасып, 23-інші болды. Мадияр Әшкеев 40-орында қалды. Жартылай орта салмақтағы Нұрсұлтан Жаңабаев екі саты төмендеп, 32-орында тұр. Дивизион рейтингіндегі 33-ші орында – Данияр Елеусінов.

Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі WBA Continental Americas чемпионы Батыр Жүкембаев 11-ден 12-ші орынға төмендеді.

Жеңіл салмақтағы WBC International титулының иегері Виктор Коточигов бұрынғы редакцияда 20-шы орында болса, бұл жолы ТОП-15-ке еніп, 13-ші орынға жайғасты. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC Youth чемпионы Сұлтан Зәуірбек 36-орын алып, ТОП-40-қа енді.