Данияр Елеусіновтің әкесі: Ұлымның талабын қайтарғым келмеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің әкесі Марат Елеусінов ұлының кәсіпқой боксқа ауысу туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Данияр Елеусіновтің әкесі: Ұлымның талабын қайтарғым келмеді

«Олимпиададан кейін ұлымның кәсіпқой боксқа ауысуын қаламадым. Бірақ, бұл оның тілегі... Шынында да, ол әуесқой бокста барлық титулдарды жеңіп алды - Азияның екі дүркін чемпионы болды, Олимпиада чемпионы атанды. Сондықтан, ұлымның талабын қайтарғым келмеді. Ол кәсіпқой боксшы болғысы келді, мақсатына жетті», - деді Марат Елеусінов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, баспасөз мәслихатында боксшы Нью-Йоркте жаттығатынын, жаттығу барысында әкесі әрдайым қасында болатынын айтқан болатын.

Еске сала кетсек, бүгін Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы промоутері белгілі болды. Боксшымыздың промоутері британдық Эдди Хирн. Эдди Хирн супер ауыр салмақта WBA Super, IBF және IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Энтони Джошуаның (20-0, 20 КО), жеңіл салмақтағы WBA Super және IBF чемпионы Райан Барнет (18-0, 9 КО), жартылай орта салмақтағы IBF нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Кел Брук (37-2, 26 КО) пен орта салмақтағы WBA нұсқасы бойынша бұрынғы чемпионы Дэниэл Джейкобстың (33-2, 29 КО) промоутері болып табылады.