Данияр Елеусіновтің кезекті қарсыласы белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жартылай орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің (10-0, 6 КО) 18 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда өтетін жекпе-жегіндегі қарсыласының есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Данияр Елеусіновтің кезекті қарсыласы белгілі болды

Спортшының менеджері Зия Әлиевтің айтуынша, ол «Есі кеткен» лақап атымен танымал мексикандық боксшы Данте Хардон (34-7, 25 КО) болмақ. Боксшылар IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін айқасады.

Хардон 27 тамызда Ұлыбританияда өткен соңғы жекпе-жегінде қарсыласы, жергілікті боксшы Энтони Томлинсонды (13-1, 7 КО) нокаутқа түсіріп, IBO Inter-Continental нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы чемпиондық атақты жеңіп алған. Елеусінов болса, соңғы рет 2020 жылдың қараша айында АҚШ-та өткен жұдырықтасуында бұрынғы әлем чемпионы Джулиус Индонгоны (23-4, 12 КО) мерзімінен бұрын жеңіп, IBF Inter-Continental титулына ие болған.

Еске салсақ, 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кәсіпқой бокс кеші өтеді.