Даниярға бұл жолы да ақ жол тілеп шығарып салдым - Мырзағали Айтжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан бірнеше күн бұрын Рио-де Жанейро олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа кететін туралы БАҚ өкілдері жазған болатын. ҚазАқпарат тілшісі бұл ақпараттың анық-қанығын Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтан сұрап білді.

Даниярға бұл жолы да ақ жол тілеп шығарып салдым - Мырзағали Айтжанов

«Данияр бауырымыз Рио Олимпиадасынан кейін кәсіпқой боксқа кеткен болатын. Ол кезде де сәттілік тілеп, жолына тұрған жоқпын. Өкінішке қарай, ол кезде келісім жасасқан компаниясымен жұмыс жасай алған жоқ. Кейін ұлттық құрамаға қайта келейін деді. «Кел» дедім. Міне, осыдан бір апта бұрын тағы бір компаниямен келісімге отырып жатқанын айтып, ұлттық құрамадан кететінін айтты. Тағы да жолың болсын деп шығарып салдым. Мен кәсіпқой боксқа кетем деген кез келген боксшыға тұсау болмаймын», деп атап өтті бас бапкер.

Естеріңізге сала кетейік,  осыдан бірер күн бұрын Данияр Елеусінов  америкалық Boxing Star менеджерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойғаны туралы ақпарат тараған болатын.