Дәрі бағасын түсірген төрт тәсіл: Қазақстан қанша ақша үнемдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілерден тікелей сатып алу көлемі артып келеді. Бұл сатып алу рәсімдерінің тиімділігін арттырып, мемлекеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы сатып алу науқанының қорытындысы бойынша жалпы экономикалық тиімділік 70 млрд теңгені құрады. Оның шамамен 25 млрд теңгесі отандық және шетелдік өндірушілермен тікелей келісімшарттар көлемін ұлғайту есебінен үнемделді.
Соңғы үш жылда өндірушілерден тікелей сатып алу көлемі 187%-ға өскен. Бұл ретте делдал буындарды қысқарту, фармацевтикалық компаниялармен келіссөздер жүргізу, халықаралық сатып алулар мен бәсекелестік рәсімдер дәрі-дәрмекті тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар Қазақстанда дәрілік заттардың бағасын қалыптастыру жүйесі жетілдіріліп жатыр. Өндіруші бағасын тіркеудің бірыңғай тәсілі, халықаралық референттік баға белгілеу және негізсіз үстеме бағаларды шектеуге бағытталған басқа да тетіктер енгізілген.
Жаңа тәсілдердің нәтижесінде биыл бірқатар дәрілік препараттардың бағасы бірнеше есеге төмендеді. Баға белгілеудің жаңа тетіктері арқылы шамамен 36,2 млрд теңге үнемделді.
Өндірушілерден тікелей сатып алу
2025 жылдан бастап дәрі-дәрмекке баға ұсыныстарын тікелей зауыт-өндірушілерден сұрату тетігі енгізілді. Бұл 400-ден астам атаудағы дәрілік затты өндірушілерден тікелей сатып алуға мүмкіндік берді.
Келіссөздер нәтижесінде отандық өндірістің 66 атаудағы дәрілік заттары бойынша 10 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді.
Халықаралық сатып алулар
Дәрі-дәрмек сатып алуда БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдардың мүмкіндіктері де пайдаланылып келеді. Атап айтқанда, препараттар БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және СТОП ТБ арқылы сатып алынады.
Осы тетікті кеңейту нәтижесінде шамамен 17 млрд теңге үнемделді. Халықаралық сатып алулар ірі көлемде тапсырыс беріп, халықаралық жеткізушілермен тікелей жұмыс істеу арқылы тиімді бағаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл тәсіл қымбат дәрілік препараттарды сатып алу кезінде де қолданылады.
Аукциондар арқылы тағы 15 млрд теңге үнемделді
Қаражатты үнемдеудің тағы бір жолы — аукциондық рәсімдер. Мұнда әлеуетті өнім берушілер баға бойынша өзара бәсекелеседі.
Аукциондардың қорытындысы бойынша 15 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді.
Осылайша, дәрі-дәрмек сатып алу құнын төмендету бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр. Олар — өндірушілермен тікелей келісімшарт жасау, бағаны төмендету жөніндегі келіссөздер, халықаралық сатып алулар және бәсекелестік рәсімдер.
Мамандардың түсіндіруінше, мемлекеттік сатып алудағы үнем дәрілік заттардың көлемін қысқартуды білдірмейді. Керісінше, үнемделген қаражат дәрі-дәрмектің қосымша көлемін сатып алуға және пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.
Мәселен, 2025 жылғы сатып алу науқанының қорытындысы бойынша үнемделген 70,5 млрд теңге қосымша дәрілік қамтамасыз етуге жұмсалды. Оның ішінде онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және аутоиммундық ауруларды емдеуге арналған жеті инновациялық препарат тегін берілетін дәрілік заттар тізіміне енгізілді.
Бұған дейін онкологияда дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыратын жаңа жүйе енгізілгенін жазғанбыз.