Дәрі-дәрмек бағасы өсіп, тапшылық туындауы мүмкін бе
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтарда елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осы орайда отандық дәрі-дәрмек өндірушілер мен сатушылар, яғни бизнес қауымдастығы фармацевтика саласын салықтық әкімшілендіру мәселелеріне қатысты алаңдаушылық танытып отыр.

Жоғарыда аталған мәселе бүгін елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланды.
Іс-шара барысында бірнеше мәселе қарастырылды:
— импортталатын дәрі-дәрмекті салықтық әкімшілендіру;
— фармацевтикалық субстанция, сондай-ақ медициналық бұйымдар мен препараттарды өндіруге арналған құрал-жабдық, материал мен жинақтаушы бөлшектерді импорттау мен сатуға 16% мөлшерінде қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу жағдайында отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіптің дамуына әсері;
— салық салу енгізілген жағдайда коммерциялық сегменттегі дәрі-дәрмек бағасын қайта реттеу мерзімін кейінге шегеру қаупі.
— Қазір денсаулық сақтау саласында, дәрі-дәрмекті өндірушілер үшін де, импорттаушылар үшін де күрделі жағдай қалыптасып отыр. Келер жылы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңа жылдан бастап белгілі бір бағыт бойынша қосылған құн салығының жеңілдетілген мөлшерлемесі қарастырылған. Келесі жылға 5% мөлшерлеме, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығы мөлшерлемесі 10%-ға дейін өседі, ал кәдімгі субстанция мен импорттық дәрі-дәрмекке 16% қосылған құн салығы мөлшерлемесі қолданылады. Сонымен бірге дәрілік заттарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ТМККК және МӘМС) жүйесі шеңберінде жеңілдіктер бар. Осы бағыттар бойынша белгілі бір көлемдегі дәрі-дәрмек шекарадан өткенде нақты қайсысы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша, қайсысы бөлшек саудаға түсетіні түсініксіз, — деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Тимур Жаркенов.
Оның айтуынша, жаңа әкімшілендіру мәселесі туындап отыр, яғни, қанша көлемде дәрі-дәрмек әкелінсе де жоғарылатылған мөлшерлеме төленуі тиіс болады. Ал кейін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша бөлінген кезде ҚҚС-тың (қосылған құн салығы) қалай қайтарылатыны белгісіз.
— Қазір өкінішке қарай, қосылған құн салығын қайтарудың нақты тетігі жоқ. Бұл айтулы проблема. Келесі мәселе «ҚҚС бойынша алдын ала төлем» деп аталатын жүйе. Медициналық саладағы барлық кәсіпорын келер жылы қаңтардан бастап жалпы критерийлерге ілігеді, яғни олар қайтадан ҚҚС есебіне тұрады. Бұл жерде аталған кәсіпорындар ҚҚС-ты алдын ала төлеуге мәжбүр болуы мүмкін деген қауіп бар. Сонымен қатар фармацевтикалық өнім өндіруге қажетті шикізатқа, субстанцияға да 16% ҚҚС мөлшерлемесі белгіленген. Мұның бәрі дәрі-дәрмек бағасын реттеу мәселесінде қосымша проблема тудырады. Өздеріңіз білесіздер, бұл реттелетін нарық. Осылайша, дәрі-дәрмек бағасын өсіру мүмкіндігі болмағандықтан, Қазақстанда өндірілетін өнімнің өзіндік құны артады. Шекарадан импортталатын дәрілерге қатысты тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі дәрілеріне жеңілдікті қолдану тетігі нақтыланбаған. Мұның бәрі бір-бірімен қабаттасып, отандық өндіріс пен импорттық дәрі-дәрмек бойынша тапшылық қаупін тудырады, — дейді ол.
Сондай-ақ Атамекен ҰКП өкілі дәрі-дәрмек бағасы сөзсіз өсетінін айтып отыр.
— Мемлекет кепілдік берген тегін көлем бар, бірақ ол жерде де белгілі бір реттеу жүргізіледі. Көптеген процестің жеткіліксіз пысықталуына байланысты тәуекелдер бар. Егер бұл мәселе реттелмесе, отандық өндіріс бойынша да бағаның өсетіні түсінікті. Жалпы, қазір тәуекел өте жоғары. Әрине, нормативтік құжатты оңай өзгерту мүмкін емес, бұл біраз жұмыс, оны жаңа жылға дейін үлгеріп істеуіміз керек, бірақ, олқылыққа жол бермеу қажет, — деп толықтырды Тимур Жаркенов.
Бизнес қауымдастықтың дәрі-дәрмек өндірісіне қатысты алаңдаушылығына Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов жауап берді.
— Бүгін қойылған сұрақтарға келсек, негізгі мәселе көтерме-бөлшек сегментіндегі баға қалыптастыру жүйесіне байланысты. Иә, расымен де, бізге бірнеше ұсыныс түсті. Мен бірден министрліктің ұстанымын айта кеткім келеді. Бірінші мәселе кезең-кезеңімен реттеу. Бұл үдеріс Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бізде жол картасы бар, соның негізінде дәрі-дәрмекті көтерме және бөлшек саудада кезең-кезеңімен реттеуге көшіп жатырмыз. Бұл үдеріс жалғасып жатыр. Қазір шекті бағаны белгілеп отырмыз, яғни соңғы шыққан бұйрық бойынша көтерме-бөлшек сегментінде 4900 дәрі-дәрмек бойынша шекті баға бекітілді. Жоспар бойынша 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық препаратты реттеу көзделген болатын. Өткен жылы да, биыл да Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында мемлекеттік органдармен, соның ішінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс тобы құрылды, ол жерде баға қалыптастырудың әдістемесі толық қайта қаралды, — дейді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, қайта қараудың нәтижесінде биыл 18 шілдеден бастап жаңа шекті баға бекітілді.
— Әдістемені қайта қарау аясында көтерме және бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмек құнын өзектендіру үшін бизнеске барлық шекті бағаны тіркеуге тапсырыс беруді сұрадық, Бірақ, өкінішке қарай, тек шамамен 500 атау бойынша ғана қайта қарауға өтініш түсті, қалғандары бойынша өтініш болған жоқ. Жаңартылған әдістеме негізінде биыл бағаны анықтау үшін референттік әдіс қолданылды, яғни халықаралық ақпараттық жүйе пайдаланылды. Бағаны экономикалық тұрғыдан басқа елдердегі бөлшек сауда құнымен салыстырдық, соның негізінде жаңа баға бекітілді, — дейді ол.
Сонымен қатар медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы дәрі-дәрмек бизнесі өкілдерінің мұң-мұқтажын ескере отырып, рецептуралық тізімдегі препараттар бағасын реттеуді 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту мүмкіндігі туралы айтты.
— Бүгін айтылған ұсыныстарды ескере отырып, бұл мәселені талқылауға дайынбыз. Қалай болғанда да, баға реттеу тізіміндегі кейбір препарат оңтайландыруды талап етуі мүмкін. Сіздермен бірлесіп ортақ ұстаным қалыптастыруымыз қажет. Әртүрлі ұсыныстар болды, мысалы, 3 немесе одан да көп баламасы бар препараттарды реттеуді енгізу ұсынылды. Сол сияқты бизнес тарапынан белгілі бір құннан аспайтын, мысалы 2 немесе 3 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) шамасында тұратын препараттарды да реттеу ұсынысы түсті. Бұл да ашық мәселе. Жалпы алғанда, мәселені сіздермен бірге талқылап, ортақ шешім шығаруға дайынбыз, — деп қорытындылады Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Фармацевтика бизнесімен айналысып жүрген кәсіпкерлердің мәселесі айналып келіп салыққа тіреліп тұрғандықтан мәселенің мән-жайын Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің методология департаментінің директоры Ораз Әбдірахмановтан сұрап көрген едік.
— Расында да бүгінде медициналық ұйымдардан әкімшілендіру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Шынында да оларды салықтық міндеттен босату, төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған. Қазір біздің тарапымыздан 300-ші форма бойынша қосылған құн салығына қатысты салық есептілігінің нысанын әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол жерде қосылған құн салығы мөлшерлемесіне байланысты жеке жол қарастырылып отыр, сол кезде қандай да бір түсінік қалыптасады деп ойлаймын. Бүгін көтеріліп жатқан проблема бойынша бүкіл тізбекті қарастырамыз, — деп уәде берді Кірістер комитетінің өкілі.
Маманның пайымдауынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін нормаларды ескере отырып, оның қалай жұмыс істейтінін, бизнес қауымдастық үшін қандай мәселе туындауы мүмкін екендігін алдын ала талдап алу қажет.
— Мәселені кешенді түрде қарау керек, сондықтан біз диалогқа дайынбыз. Мысалы, импорттық дәрі-дәрмектің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жүйесі аясында екенін қалай дәлелдеу керек? Егер елге 16% мөлшерлемемен әкелінсе, бірақ, іс жүзінде бұл субстанция, яғни шикізат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында коммерциялық сегмент аясында емес пайдаланылса оны қалай бөліп, дәлелдеуге болады? Одан қалды қосылған құн салығын қайтару мүмкін бола ма деген секілді сұрақтар туындайды. Бұл мәселелер жақын арада шешімін табады деп ойлаймын, — дейді ол.
Еске сала кетсек, биыл жазда елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде жүйелі заң бұзу анықталды.
Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының қызметіне тексерісті бастағанын хабарлаған еді.
Ал жақында ғана Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасы төмендейтінін жария етті.