Дәрі-дәрмек мәселесі: Үкімет министрлік пен СҚ-Фармацияға бірқатар тапсырма жүктеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов дәрі-дәрмек мәселесәне қатысты жауапты министрлікке бірқатар тапсырма берді.

СҚ-Фармация
Фото: Kazinform

— Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың желтоқсан айында медициналық бұйымдарды сатып алудың жаңа моделін іске қосуды қамтамасыз етсін. Өнімдердің бірыңғай базасын қалыптастыру, техникалық ерекшеліктерді біріздендіру, референттік баға белгілеу тетігін енгізу және отандық өндірушілердің қатысу аясын кеңейту шараларын қабылдау керек. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша барлық рәсімді осы жылдың соңына дейін жедел жүргізу қажет. Қаңтар айында ауруханаларда, емханалар мен дәріханаларда барлық қажетті зат болуға тиіс. Өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды ерекше бақылауда ұстаңыздар, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол Денсаулық сақтау министрлігі емделушілерге берілгенге дейін дәрілік заттардың қозғалысына толық цифрлық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. Шекті бағалардың сақталуына бақылауды күшейтіп, қаржы жымқыру әрекеттеріне қатаң тосқауыл қою қажет. Ақысыз беруге арналған дәрілерді заңсыз сатудың алдын алу үшін оларды таңбалау тетігін пайдалану керек.

— Денсаулық сақтау министрлігі өңір әкімдіктерімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін дәрілік заттарды сақтау кезіндегі «суық тізбек» мониторинг жүйесін іске қосуды қамтамасыз етсін. Қоймаларды, медициналық ұйымдар мен тоңазытқыштары бар көлік құралдарын бірыңғай цифрлық жүйеге қосуды қарастыру қажет. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі келісімдерде белгіленген мерзімдерге сәйкес инвесторлардың міндеттемелерінің орындалуына, оның ішінде инвестициялар салу, өндірістік қуаттарды іске қосу және медициналық бұйымдар мен дәрілік заттарды шығару барысына тұрақты мониторинг жүргізсін. Өңір әкімдері Денсаулық сақтау министрлігімен бірге әрбір осындай жобаға қолдау көрсетіп, жер және инфрақұрылым мәселелерін уақтылы шешуді, сондай-ақ жұмыс кестелерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етсін. Өңір әкімдіктері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тарату үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларын салу жобаларын жандандыруға қолдау көрсетсін, — деді Үкімет басшысы.

Мұнымен қоса О. Бектенов бюджет шығындарын азайту және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге сәйкес өңірлерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде ашықтықты арттыру мақсатында әкімдіктерге олардың тек «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторынан сатып алыуын қамтамасыз етуін тапсырды.

— Жалпы, барлық мемлекеттік орган отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс, — деді ол

Бұған дейін хабарланғандай, Премьер-министр халықты тегін дәрімен қамтамасыз ету жүйесіне қатысты тапсырма берді.