Дәрігер қабылдауында 6 таңбалы код немесе Face ID қолданылады
АСТАНА. KAZINFORM – Медициналық қызметтерді негізсіз тіркеудің алдын алу үшін пациенттерді цифрлық сәйкестендіру тетігі енгізіледі. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің жауабында айтылған.
Вице-министрдің айтуынша, цифрлық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін және істен шығуға орнықтылығын қамтамасыз ету үшін резервтік инфрақұрылым пайдаланылады. Сондай-ақ серверлік ресурстарды резервтеу, деректердің резервтік көшірмелерін жасау және техникалық ақаулар туындаған жағдайда ақпараттық жүйелердің жұмысын қалпына келтіру тетіктері көзделген.
- Аталған шаралар техникалық ақаулар, интернет байланысының үзілуі немесе өзге де штаттан тыс жағдайлар кезінде медициналық ақпараттың сақталуын, деректердің жоғалуына жол бермеуді және медициналық ұйымдардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Медициналық ұйымдарға жүгіну арқылы көрсетілетін медициналық қызметтерді негізсіз тіркеуді азайту мақсатында жүйені трансформациялау аясында пациенттерді цифрлық сәйкестендіру тетігі енгізіледі, – деді ол.
Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қолданыстағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес, қабылдау кезінде медицина қызметкері пациентті сәйкестендіруге міндетті.
Осы ретте пациенттерді цифрлық сәйкестендірудің тиімділігі мен қолдануға ыңғайлылығы ескеріліп, екі тетік айқындалған.
Бірінші, негізгі тетік – eGov Mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжат» сервисі арқылы сәйкестендіру. Бұл жағдайда пациент дәрігерге бірегей түрде қалыптастырылған 6 таңбалы кодты ұсынады. Ал дәрігер аталған кодты ақпараттық жүйеге енгізу арқылы пациенттің жеке басын сәйкестендіреді.
Екінші, қосымша тетік – азаматта eGov Mobile қосымшасы орнатылған смартфон болмаған жағдайда Face ID технологиясын пайдалану арқылы сәйкестендіру.
- Face ID технологиясын пайдалану медициналық қызметтерді негізсіз тіркеудің алдын алуға, медициналық ұйымдардағы есептің ашықтығы мен дәлдігін арттыруға, сондай-ақ пациенттердің цифрлық сервистерге деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Пациенттерді цифрлық сәйкестендіру сервисі Министрлікпен Әділет министрлігімен және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы тегін шешімдер негізінде әзірленді. Аталған сервисті әзірлеуге бюджет қаражаты бөлінген жоқ, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Бұған дейін пациенттің медициналық тарихы барлық медициналық ұйымға қолжетімді болатынын жазған едік.