Дәрігер жазда тағамнан уланудан қалай сақтануға болатынын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Жазда тағамнан улану қаупі әлі де бар. Сондықтан мамандар қоғамдық тамақтану орындарын таңдағанда мұқият болып, тез бұзылатын тағамдарды тұтынуда сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты.
Оның сөзінше, топтық тағамнан улану жағдайлары азайғанымен, қауіп толық жойылған жоқ. Әсіресе жаздың ыстық күндері санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталмауы улануға әкелуі мүмкін.
— Тағам қауіпсіздігі тек кәсіпкерлерге ғана емес, тұтынушылардың сақтығына да байланысты. Қоғамдық тамақтану орындарын таңдағанда олардың сенімділігі мен беделіне мән берген жөн. Ыстықта жаңадан дайындалған тағамды таңдаған дұрыс. Ал жылумен өңделмеген өнімдерді, соның ішінде суши, ролл, теңіз өнімдері мен тез бұзылатын басқа да тағамдарды тұтынғанда ерекше сақ болған абзал, — деді Сархат Бейсенова.
Ол тұрғындарға тағамды тиісті температурада сақтауды, азық-түлікті рұқсат етілмеген жерден сатып алмауды, сондай-ақ дайын тағамды, әсіресе сақтау не тасымалдау талаптары бұзылған жағдайда, ұзақ ұстамауды ұсынды.
Сархат Бейсенова қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлерге де санитариялық талаптарды қатаң сақтаудың маңызын еске салды.
— Кәсіпкерлер заңнамада көзделген барлық рұқсат құжаттарын рәсімдеп, қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуін қамтамасыз етуі керек. Шикізатты сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар сенімді жеткізушілерден алып, тағам дайындау технологиясын, сақтау тәртібі мен жарамдылық мерзімін қатаң сақтауы тиіс, — деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігер кене шаққан жағдайда не істеу керектігі туралы кеңес берген еді.